Басты Жаңалықтар Шытырман оқиғаға толы комедия көрерменге жол тартты

Шытырман оқиғаға толы комедия көрерменге жол тартты

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында отандық «90-жылдарға оралу» фильмі көрермен назарына ұсынылады. Кино «Tiger Films» продюсерлік компаниясының қолдауымен түсірілген. Туындының режиссері – Асар Абулхаиров. Киноның алғашқы көрсетілімі HALYK IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті.

Фильмнің сюжетінде мектептің физика пәнінің мұғалімі Арман телепортация жасауға арналған құрылғы ойлап табады. Сөйтіп, кіп-кішкентай құрылғы арқылы мыңдаған шақырымды артқа тастап,  сүйіктісіне тосынсый жасамақ. Арманы - Парижге барып сөз салу. Алайда, бұл тасымалдау құрылғысы олардың өмірін күтпеген оқиғалармен байланыстырып жібереді. 

Асар Абулхаиров, режиссер:

Біз әке тақырыбына байланысты зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде фантастика элементтері мен аздап драмасы бар шытырман оқиғаға толы туынды пайда болды. Фильмде шытырман оқиғаға тән юмор да бар, сондықтан көпшілікке ұнайды деп ойлаймын. Бұл фильм кеңес дәуірінде өмір сүрмеген жастарға да, сол кезеңге қайта сапар шегуді қалайтын ересек буынға да қызықты болады.

Фильмде басты рөлді талантты актриса Жұлдыз Өмірғали, ал Арман рөлінде  танымал актер Еркебұлан Тоқтар сомдайды. Туындыдағы кейіпкерлердің әрқайсысы өз болмысымен ерекше. Шытырман оқиғаға толы комедияда ғылым мен махаббат, ақыл мен жүрек, шындық пен қиял тоғысады.

Жұлдыз Өмірғали, актриса:

Сценарий өзімнің өмірімдегі оқиғаға жақын болғандықтан, мен барынша өзімді ойнауға тырыстым. Ең ұнаған әрі ең қиын сахна ол бір болған. Қиын жағдай, ол жерде әкесімен қоштасатын сәт, сол әкесі өзіме де қиын болды, кейіпкерге де қиын болды. Сондықтан, мен үшін сол ең қиын сахналардың бірі болды.

Бұл фильм – телепортация арқылы басталған ерекше оқиғаның желісімен адам жүрегіндегі махаббат пен ғылымға деген шексіз сенімнің шебер үйлесімін баяндайды, дейді шығармашылық топ.


Бөлісу