Басты Жаңалықтар Биыл 26 тонна есірткі тәркіленді

Биыл 26 тонна есірткі тәркіленді

2026–2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің жаңа кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Онда оқымайтын әрі жұмыс істемейтін яғни NEET санатына жататын жастар арасында алдын алу жұмыстары күшейтілмек. Бұқаралық спорт пен шығармашылықты кеңінен насихаттау көзделген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысында айтылды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 26 мыңнан астам сайт бұғатталып, 35 мың банк картасы жабылды. Биыл 9 айда 6 мың 210 құқық бұзушылық анықталып, 26 тонна есірткі тәркіленген. 4 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Денсаулық сақтау министрі наркологиялық емдеу сапасын арттыру шаралары туралы айтты. Синтетикалық есірткінің жаңа түрлеріне қарсы күресті күшейту үшін Әділет министрлігі сот сараптамасын заманауи құралдармен жабдықтап, сарапшыларды даярлауды және сараптама мерзімін оңтайландыруды көздеп отыр. Шекара бекеттері заманауи құралдармен және радиомониторинг жүйелерімен жабдықталады. Өңір әкімдеріне қазан айының соңына дейін нашақорлыққа қарсы нақты шаралар әзірлеп, облыстық штаб жұмысын күшейту тапсырылды. Жиын қорытындысында 2026 жылға арналған штабтың жұмыс жоспары мақұлданды.


Бөлісу