Егемендік декларациясы – азат елдің үні
1990 жылдың 25 қазанында Тәуелсіздігімізге негіз болған – Егемендік декларациясы Алматыда қабылданды. Ел тарихындағы ең маңызды құжат әлі күнге дейін шаһардағы Орталық мемлекеттік архивте ерекше жағдайда сақталып тұр. Мамандар оның түпнұсқасын көздің қарашығындай қорғап келеді.
2007 жылы наурызда Егемендік декларациясы Орталық мемлекеттік архив қорына тапсырылды. Бұл іске кәнігі маман Мәрзия Жылысбаева тікелей атсалысты. Салада 30 жылдан аса қызмет ететін ол тарихи маңызы зор құжаттың рәсімделуі мұрағаттық талаптарға сай жүзеге асқанын айтады.
Мәрзия Жылысбаева, «Орталық мемлекеттік архив» РММ директорының орынбасары:
Ол құжаттарды қабылдаудың өзінде де ерекше дүние бар. Декларацияға келетін болсақ, ереже бойынша тігіліп, сыртында қызыл мұқабамен қапталып, архивтік ережеге сай түптеліп, архивке түседі. Қазіргі уақытта түпнұсқалық кейпінде, пішінінде тұрғандығын атап өтуіміз қажет.
Айдана Қуантхан, тілші:
Менің қолымда – Егемендік декларациясының түпнұсқасы. Бұл құжаттың ұзақ жылдар бойы бүлінбей сақталуы үшін арнайы жағдай жасалған. Мәселен, мұндағы температура +17 мен +19 градус аралығында, ал ылғалдылық деңгейі 50–55 пайыз шамасында қатаң қадағаланады.Егер осы режим бұзылса, қағаздың табиғи құрылымы өзгеріп, құжат зақымдалуы мүмкін.
Тарихи құжаттың әр бес жылда жай-күйі тексеріледі. Егер зең басу, бүліну белгілері байқалса, әрбір парағы жеке қаралып, зертханалық сараптамаға жіберіледі.
Қуаныш Кабдуш, «Орталық мемлекеттік архив» РММ архивисі:
Архив қор қоймасына жарық түспеуі керек. Ал ішкі жасанды жарық арнайы фильтр арқылы өтуі керек. Құжаттардың барлығы стеллажда сақталады. Стеллаж міндетті түрде темір болуы қажет. Олардың барлығы арнайы қораптарда сақталады. Қораптар арнайы өңдеуден өтеді.
Ел шежіресінің ең қымбат куәсі сақталған қорда құжаттың түпнұсқасымен бірге сол кезеңдегі ресми жиналыстың жазбасы да бар. Бұл – тарихи оқиғаның толық мазмұнын архивтік тұрғыдан дәлелдейтін маңызды дереккөз, дейді мамандар.