Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында студенттер жер жыртып жарысты

Жамбыл облысында студенттер жер жыртып жарысты

Жамбыл облысында жастар арасында жер жыртудан халықаралық «AgroLeague» жарысы өтті. Алқапқа соқа салып сайысқан студенттер Өзбекстан, Қырғызстаннан бөлек еліміздің бірнеше өңірінен келді.

«Жұмысшы мамандықтар» жылына орай Меркі колледжінің егіс тақталары тракторларға толды. Техника тілін меңгерген болашақ механик мамандар 3 жылда алған білім-білігін паш етті. 12 үміткер шөп баулау, соқа салу секілді бес бағыт бойынша жарысты.  

Данияр Әлімқұл, тілші:

Тракторды тізгіндеудегі жарыс талабы — оны оталдырып, орнынан қозғалту ғана емес. Жеңіске жетудің жолы жерге соқа салудан басталады. Сондықтан студенттер осылай алқапты айнала жер жыртып жарысып жатыр.

Танаптардағы топырақ қыртысын қопсыта аударуда арақашықтықтан ауытқымай, бос жер қалып кетпеуін жұмыс беруші мекеме мамандары жіті тексерді. Талап бойынша тіркемелі соқа тісі 30 см тереңдікке түсуі керек. 

Ибраһим Юлдашев, Бука колледжінің студенті:

12-21 тракторын айдадым, қызыл «Беларусты». Тамаша өнер көрсетіп келдім. Қазақстанда мұндай үйірмелер ашқаны маған үлкен сабақ болды. Өз ісіңді білсең ештеңе кедергі емес қой. Сондықтан мен барынша өзімді көрсетуге әрекет етіп жатырмын.

Шахзод Шухратұлы, Жуалы аудандық №16 колледж студенті:

Өзімнің орындағаным ойымнан шықты. Мысалы, мен 2-курста келесі жылы жарыс болады деп айтқанмын. Содан бері жаңа тракторлар бар, солармен күніге дайындалып, осындай нәтижеге жетіп отырмыз.

Жер жыртудан бөлек, жастардың икемі комбайн қозғалтқышына қосалқы бөлшегін бекіту бойынша бағаланды. Сондай-ақ олар агротехникаға дақыл оратын құрылғыны жалғап жарысты.

Айбар Сапарғали, Облыстық Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы:

№9 Меркі колледжінде дуалдық оқыту жүйесі негізінде жұмыс берушілермен бірге жарысты ұйымдастырудамыз. Осы жерде өзін жақсы деңгейде көрсеткен студенттер сәйкесінше сол  жұмыс берушілерге  жұмысқа орналасуға мүмкіндігі арта түседі.

Кәсіптік колледждер арасындағы жарыс келесі жылы да жалғасын таппақ. Айта кетейік, аймақта 42-і орта оқу орны бар, олардың 12-сі агро сала мамандарын даярлайды.


Бөлісу