Басты Жаңалықтар Қаржы жымқырған шенеунік пен мердігер сотталды

Қаржы жымқырған шенеунік пен мердігер сотталды


Павлодар облысында «Ауыл-ел бесігі»  мемлекеттік бағдарламасына бөлінген  қаржыны талан-таражға салған шенеунік пен мердігер сотталды. Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы мен елді мекендерде спорт кешендерін салуға міндетті  фирма басшысы 300 млн. теңгеге жуық қаржыны қолды қылған.  Осылайша Алғабас, Еңбек, Жолқұдық және Пограничник ауылдарындағы нысандардың құрылысы аяқталмай қалды. Ал, өз өкілеттігін асыра пайдаланған лауазымды тұлға бұл нысандар қабылданды деп қол қойып, ақшасын аударып жіберген. Ақсу соты экс-шенеунік Рахат Бекбергеновті және құрылыс компаниясының басшысы Бақдәулет Жұматаевты жеті жылға тар қамаққа жапты. 


Ағидел Ибраева, Облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:


Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, Б және Ж-ға жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады. Сотталғандар мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге байланысты лауазымдармен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.  


Естеріңізге сала кетейік, осы жылы Павлодар ауданы әкімшілігінің экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы да  дәл осындай айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қазіргі уақытта өңірде құрылысы бітпей, мерзімінде тапсырылмаған әлеуметтік нысандар бар. Олардың кейбірін құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.


Бөлісу