«Шығыс салбурын-2025» халықаралық фестивалі өтті
Шығыс Қазақстан облысында «Республика күні» мейрамына орай «Шығыс салбурын-2025» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған мәдени әрі этноспорттық шараға 7 мемлекеттің құсбегілері келіп қырандарының бабын байқап, тазының тақымын аштырды. Үш күн қатар өткен фестивалде тақымы мықты жігіттер асау үйретсе, мергендер садақ атып сынға түсті.
Көк аспаннан қанат құйрығы суылдап кеп, тік шаншылған қыран жер тағысын іліп түсті. Биыл бүркіттердің көбі бабында екен. Ал алпыс екі айла тауып сытылып кеткен түлкіні тазылар тырп еткізбеді.
Фестивалдің шарты бойынша құсбегілер қырандарын қолға шақыру, шырға тарту, қоян мен түлкі және қарсаққа салу сияқты жарыстарға қатысты. Үш күн болған спорттық әрі экомәдени шараға жүз елуге жуық құсбегі қатысты.
Көне түркінің көмей әнін сызылтып отырған Алпамыс Далайханұлы Монғолияның Ұланқұс ауылынан салбурынға арнайы келіпті. Қолына құсы мен домбырасын қатар ұстап, қасқыр ішігі мен пұшпақ тымақ және сырма шалбар киген қыр қазағы фестивалдің сәніне сән қосты.
Алпамыс Далайханұлы, құсбегі:
Біз шетте жүрсек те қыран құсымызды көтеріп жүрсек те, көк байрақтың астында желбірегендей болып, қыран құсымызбен бірге өте қуанышта жүрміз. Қазақ дегенде жүрегіміз әрине бөлек.
Бес жыл бұрын аудандық деңгейде өткен фестивалдің жыл санап дәржесі өсті. Жиналған жұрт отыздан аса тігілген киіз үйдің маңын ән мен күйге бөлеп, салт-дәстүрге қанықты.
Бағдат Мүптекеқызы, Республикалық құсбегілер федерациясының вице-президенті:
Мұндай ұйымдастырушылық деңгей ешқандай өңірде жоқ. Мен кейде Шығыс Қазақстаннан үлгі алу керек деп айтамын. Өйткені шынайы қолдау облыс әкімдігінен.
Сайыс
қорытындысында алматылық Байтбай
Өмірханның қыраны қашқан аңды құтқармай, бірнші орынға шықты. Ал екінші орынды
жымбылдық құсбегі - Бабажан Берікболсын, үшінші орынды Монғолиядан келген
бүркітші - Кенжебек Байдоллаұлы иеленді.
Фестивалге қатысқандардың барлығына сый-сыяпат көрсетілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
