Басты Жаңалықтар Семей тұрғындары сайлауға белсенді атсалысты

Семей тұрғындары сайлауға белсенді атсалысты

Семей тұрғындары сайлауға белсенді атсалысты. Əсересе өз таңдауын жасауға келген жастар көп болды. Сайлау процесінде ешқандай заң бұзу деректері тіркелмеген. Соңғы жылдары елдегі саяси реформалар сайлау мəдениетін түбегейлі өзгертті. Əр азаматтың пікірі мен таңдауы ерекше мəнге ие дейді шаһар əкіміне таңдау жасаған тұрғындар.

Семей қаласының əкіміне үміткер ретінде аумақтық сайлау комиссиясында бастапқыда 4 адам ресми тіркеуден өткен болатын. Кейін олардың біреуі өз еркімен додадан бас тартқан. Қала басшысын сайлауға тұрғындар өте белсенді қатысты. Таң атпастан есігін айқара ашқан сайлау учаскелеріне ағылған халық, қаланың болашағы мен өңірдің даму үшін өз таңдауларын жасады. Құрылғанына аз ғана уақыт болған облыс орталығында мəселе аз емес. Қаланың инфрақұрылымын реттеу, əлеуметтік мəселе, жұмыспен қамту өзекті. Семей тұрғындары еркін таңдау жасау арқылы бұл түйткілдің бəрі шешімін табады деген сеніммен таңдауларын жасады.

Ділназ Қажыкенова, қала тұрғыны:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аудан жəне облыстық маңызы бар қала əкімдері тікелей сайлау арқылы ғана билікке келеді деген. Қазақстан республикасының азаматшасы ретінде мен өзімнің мемлекет алдындағы борышымды өтеуге, дауыс беруге келдім.

Орал Шəріпбаев, қоғам белсендісі:

Ең бастысы - Жаңа Қазақстанда жаңа сайлау басталып жатыр. Тарихи сайлау. Оған көптеген жас кандидат түсіп жатыр. Жақсылықтар əкелетін əкімдер керек. Біз Семейде соны күтеміз. Əлеуметтік жағдайдың өскендігін күтеміз. Семейдің көркейгендігін көреміз. Өндіріс жақсарып, ауыл мен қала арасындағы жақсылықтың көбейгендігін күтеміз.


Тек Семей емес, елімізде болып жатқан саяси реформалардың көрінісі іспеттес науқан барлық заң талаптарына сай өткізілді. Бір ай бұрын басталған үгіт-насихат жұмыстарын да мамандар жіті бақылаған. Қала əкіміне таңдау жасау үшін 128 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Енді шаһар басшысына халықтың жасаған таңдауының нəтижесі сайлау заңына сəйкес алдағы күндері ресми түрде жария етіледі.

Гүлжан Қуанышева, Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

07:00-ден 20:00-ге дейін қала халқы, қала тұрғындары өздерінің құқықтарын сақтай отырып, белсенді түрде сайлауға қатысып дауыстарын берді. Сондай-ақ 128 сайлау учаскесінде 922 адам жұмыс істеді. Ешқандай заңбұзушылықтар болмай, дұрыс өтті. Сайладың нəтижесі сайлау өткеннен кейінгі үш күнде белгілі болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасалып жатқан реформалар елдің қоғамдық-саяси өміріне серпіліс əкелді. Бұл өзгерістер мемлекеттің демократиялық даму бағытын анықтап, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтады дейді сайлаушылар.


Бөлісу