Басты Жаңалықтар Еуропалық банктер «Қамбар ата-1» ГЭС жобасына 2, 5 млрд доллар инвестиция құяды

Еуропалық банктер «Қамбар ата-1» ГЭС жобасына 2, 5 млрд доллар инвестиция құяды

Еуропалық инвестициялық банк «Қамбар ата» гидроэлектр станциясының құрылысына 900 млн еуро бөледі. Еуропалық қайта құру жəне даму банкі де жобаға инвестиция құймақ. Брюссельде өткен халықаралық «Global gateway»форумы аясында Еуропалық банктер Орталық Азия елдерінің өкілдерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. 70-тен астам елдің көшбасшылары мен министрлері жиналған шараға Қазақстан атынан еліміздің Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қатысты.

«Қамбар ата» су электр станциясын Қырғызстан, Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп салмақ. Бұл Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға арналған маңызды бастама. Жобаны жүзеге асыруға Еуропалық инвестициялық банк 900 млн еуро, ал Еуропалық қайта құру жəне даму банкі 1,5 млрд доллар инвестиция бөлмек. Қос банк өкілдері Брюссельде үш елдің энергетика министрлерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Хуссейн Озхан, Еуропалық қайта құру жəне даму банкінің Орталық Азия жəне Моңғолия бойынша басқарушы директоры:

Өзара түсіністік туралы меморандумға сəйкес, Еуропа қайта құру жəне даму банкі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, яғни əр елге 500 миллионнан 1,5 миллиард доллар бөлуді қарастырып отыр. Маңызды аймақтық жобаны жүзеге асыру үшін тағы бірнеше қадам жасауымыз қажет.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Осы жобаның құны 5,2 миллиард АҚШ долары. 5-6 жылдың ішінде қаржыландыру жасалынады. Қазақстанға осы жоба энергетика жəй ғана емес, бірақ судың мəселелерін шешеді. Өзіңіз білесіз, Оңтүстік Қазақстанда су мəселелері бар. Өйткені Қазақстан Шардара су қоймасын толтыру үшін осы жобаны іске асыруы қажет.

Қазақстан энергоресурстарды сенімді тасымалдаушы ғана емес, жасыл сутекті, сирек кездесетін металдарды өндіру, өңдеу бойынша ЕуроОдақтың сенімді серіктесі. Одақ мемлекеттері тоқты үнемдеу, энерготиімділікті арттыру, климаттың өзгеруімен күресте біздің елмен байланысты бекемдеуге бейім. Жəне энергияның баламалы көздерін дамытуда өз тəжірибесімен, технологиясымен бөлісуге ынталы.

Свен Эрнедал, Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының бағдарлама менеджері:

Қазақстан мен Өзбекстан жаңа электр станцияларын белсенді салып жатыр. Біз, əсіресе күн, жел энергетикасы жобаларын дамытуды қуана қолдаймыз. Бұл аймақ елдері арасында тығыз ынтымақтастықты талап етеді.

Аймақ елдері ынтымақты арттыру жайын «Орталық Азиядағы əріптестік диалогы»басқосуында талқылады. Қазақстандық делегация өкілдері гидроэнергетикалық əлеуетті бірлесіп игеру, жаңартылған энергия көздерінің бірыңғай техникалық стандарттарын əзірлеу бойынша қазақ үкіметінің ұстанымын таныстырды. ЕуроОдақ Қазақстанның, аймақтағы өзге елдердің энергияның баламалы көздерін дамыту жобаларына техникалық, қаржылай көмек көрсетуге дайын.


Бөлісу