Басты Жаңалықтар Еуропалық банктер «Қамбар-ата-1» ГЭС жобасына 2,5 млрд доллар инвестиция құяды

Еуропалық банктер «Қамбар-ата-1» ГЭС жобасына 2,5 млрд доллар инвестиция құяды

Еуропалық банктер «Қамбар-ата-1» су электр станциясының құрылысына 2,5 млрд доллар инвестиция құймақ. Нақтырақ айтсақ, Еуропалық инвестициялық банк жобаға 900 млн еуро, ал Еуропалық қайта құру және даму банкі 1,5 млрд доллар бөледі.  Брюссельде өткен халықаралық «Global Gateway» форумы аясында банк өкілдері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның энергетика министрлерімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлады Брюссельдегі меншікті тілші Нұрсұлу Қасым.

Гидроэлектр станцияны Қырғызстанның Нарын өзенінің бойында Қырғызстанның өзі, Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп салады. Бұл Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға арналған өте маңызды бастама.

Хуссейн Озхан, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры:

Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға, яғни әр елге 500 миллионнан 1,5 миллиард доллар бөлуді қарастырып отыр. Маңызды аймақтық жобаны жүзеге асыру үшін тағы бірнеше қадам жасауымыз қажет.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Осы жобаның құны — 5,2 миллиард АҚШ доллары. 5–6 жылдың ішінде қаржыландыру жасалады. Қазақстан үшін бұл жоба тек энергетика емес, су мәселелерін шешуге де бағытталған. Өзіңіз білесіз, Оңтүстік Қазақстанда су мәселелері бар. Өйткені, Қазақстан Шардара су қоймасын толтыру үшін осы жобаны іске асыруы қажет.

Еуроодақ Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларына да қаржылай қолдау көрсетіп, «Транскаспий» халықаралық көлік маршруты арқылы алыс-берісті арттыруға ниетті. Орталық дәліз — Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың бір жолы. Біз үшін өте маңызды бағыт. Дәл осы жолмен еуропалықтар да өздеріндегі өнімдерін Азия нарығына шығарады. Қазір Транскаспий көлік бағытымен жылына 5 млн тонна жүк тасымалданып отыр. Қазақ өкіметі 2030 жылға қарай оны 10 млн тоннаға жеткіземіз дейді.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

Жақында Еуропалық қайта құру және даму банкімен Ақтау портының өткізу қабілетін кеңейту бойынша меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта жол жобалары бойынша Еуропалық институттармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Орталық–Батыс бағыты бойынша 2000 шақырымға жуық жол құрылысы жоспарланған. Осы жобаларға инвестор әрі сарапшы ретінде Еуропалық даму және қаржы институттары жұмылдырылады. Сондықтан «Global Gateway» форумы аясында Еуропа тарапымен бірқатар екіжақты кездесулер өткіздік.


Бөлісу