Орталық Азиядағы мемлекеттер деректі фильм түсіру бойынша әріптестікті жандандырмақшы. Алматыда І Орталық Азия деректі кино форумы басталды.
Мамандар деректі фильмдер арқылы әр елдің тарихы мен мәдениетін танытпақ. Оған Қазақстаннан өзге, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген режиссерлер, документалистер және кинотанушылар қатысып жатыр. Форум аясында іріктелген 20-дан аса шығарманы көрермендер тамашалап, бағасын береді. Ал, өнертанушылардың сөзінше, деректі фильм - кино саласындағы жанр. Соңғы кезде оның көркемдік деңгейі төмендеген. Сондықтан, форумда деректі киноның тақырыбы, кейіперлері мен даму бағыттары талқыланады.
Асхат Маемиров, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры:
- Жалпы, түркітілдес мемлекеттерге ортақ тарихи тұлғаларымызды деректі фильм арқылы кино кеңістікке шығару. Ол экран арқылы көрермендерге қалай жетеді? Қазіргі деректі киноның даму тенденциялары қай бағытта өрбу керек? Ол жақтағы өзекті мәселелер қандай? Осы дүниелер бүгін ғылыми-практикалық, шығармашылық тұрғыда ортаға салынады.
Шухрат Махмұдов, режиссер-документалист (Өзбекстан)
- Деректі фильм жасау оңай емес. Себебі, қаншама тарихи деректі іздеп, жинастырып, оны шеберлікпен түсіру керек. Қазақстан көрермендеріне арнап, Өзбекстаннан 5 деректі фильм әкелдік. Оның ішінде «Абайдың сөздері» мен «Ұлықбек» атты туынды бар. Қазір біздің елде бауырлас, көршілес елдердің мәдениеті мен тарихын тануға ерекше ден қойылды.
Әсем ҚАБЫЛБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.