Басты Жаңалықтар Елімізде 127 мың телефон бұғатталды

Елімізде 127 мың телефон бұғатталды

Елге заңсыз әкелінген 127 мыңнан астам телефон бұғатталды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тамыздан бастап гаджеттердің бәрін үш санатқа жіктеп жатыр. Заңды түрде тіркелгендері - ақ, күмәнділері - сұр, ал елге заңсыз әкелінген яки ұрланған құрылғылар қара тізімге енеді. Бірақ бұл өзгерістердің ел аумағындағы телефондарға қатысы жоқ. Яғни, шетелден 24 наурыздан бастап әкелінген гаджеттер ғана тексеріледі.

Азамат Серіктаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:

24 наурызға дейін сатып алынған, елімізге кіргізген барлық құрылғы ақ тізімге енеді. Бұл тек 24 наурыздан кейін сатып алынған телефондарға қатысты. Бұрын қолданылған телефондар да қолданыстағы құрылғы боп саналады. Олар да бұғатталмайды. Ақ тізімге бірден  енеді.  

86 мың гаджет қара тізімге енгізілуі мүмкін

Қазір сұр тізімде әлі 886 мың телефон бар. Олардың иелеріне «верификация жасау керек» деген SMS жіберіліп жатыр. Егер сізге де осындай хабарлама келсе, құрылғы байланыстан ажыратылмай тұрғанда, 30 күн ішінде оны өз атыңызға тіркеу керек. Ол үшін еGov.kz порталына өтіп, жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен IMEI кодты енгізесіз. IMEI кодты 066 нөміріне хабарласып, біле аласыз. Ал хабарламаны күтпей-ақ, гаджетіңіздің қандай тізімде екенін алдын ала анықтағыңыз келсе, еGov.kz сайтындағы «телефонның IMEI нөмірін тексеру» батырмасына өтсеңіз жеткілікті.


Бөлісу