Жерасты суына мониторинг жүргізуге арналған 4 мыңға жуық ұңғыма орнатылды
Елде жерасты суына мониторинг жүргізуге арналған 4 мыңға жуық ұңғыма орнатылды. Осылайша Қазақстанның қай өңірінде қанша көлемде су бар? Қандай қауіп бар? Олардың деңгейі қалай өзгеріп жатыр? Бəрі де «QAZSU» жүйесі арқылы бақыланады. Бүгін Астанада өткен Орталық Азия су конференциясында Қазақстан Ұлттық Су ресурстары ақпараттық жүйесін таныстырды. Бұл - ғарыштық мониторинг жүргізуге, жерасты суы мен трансшекаралық суды бақылауға, қауіп төнсе, ертерек ескерту алуға мүмкіндік береді. Осы жүйенің арқасында жыл соңына дейін 17 мың өзен, 3 мыңға жуық кіші көл, 377 негізгі канал, 300-дей бөгет, 500-ден аса су қоймасы цифрланып, бақылауға алынады. Ал «Waterbase» деп аталатын жүйе арқылы барлық құжаттар цифрланып, бір жерге топтастырылады. Жиынға Бразилия, Германия, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің сала мамандары мен зерттеуші ғалымдары қатысты.
Анвар Гаппаров, Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамының су ресурстары бойынша кеңесшісі:
Біз Орталық Азия мемлекеттеріне «Waterbase» жүйесін сəтті енгіздік. Бұл жоба барлық құжатты бір жүйеде тоғыстырады. Мəселен, бұрын құжаттар Exсel, Word форматтарында сақталып келсе, енді осы жүйеде сақталады жəне автоматты түрде есептеулер жүргізеді. Ал ең тиімдісі – мемлекеттік ведомстволар өзара ақпарат алмасып əуре болмайды, бəріне бір жүйе, демек бəрінде бір статистика. Осы жүйені Қазақстанда да пилоттық жоба ретінде енгізуді бастадық. Сынақ мерзімі сəтті аяқталса, су саласының жұмысын жеңілдетері анық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
