Басты Жаңалықтар Өскемендегі өндіріс орындары зиянды қалдықтарды шектен тыс шығаруда

Өскемендегі өндіріс орындары зиянды қалдықтарды шектен тыс шығаруда

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі өнідірістер ауаны қаншалықты ластап отырғаны əлі белгісіз. Əсіресе өңірдегі коммуналдық кəсіпорындар мен жылыту электр орталықтарында автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесі жоқ. Ал аймақта қоршаған ортаны ластауда бірінші санатқа жататын 20 зауыт бар. Бұл ауыр өндірістерден шыққан түтін желсіз күндері қаланы көк түтінге көміп тұрады. Өңірдің эко-ахуалын оңалтуға қатысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.

Өскеменде жыл он екі айдың тең жартысы желсіз болады. Ондай тымық күндері қаланы құрамында улы металдар бар түтін басады. Тəуелсіз эколог Дəулет Асановтың пікірінше, шаһардағы ірі өндірістерде экологиялық ахуалды оңалтуға қатысты нақты жоба-жоспар жоқ. Зауыт-фабрика басшылары ашық қоғамдық тыңдау өткізуге де құлықты емес.

Дәулет Асанов, эколог:

Ауаны ластауын азайту үшін екі ең үлкен ластаушы, міне, дəл қазіргі күнде нақты адамдар көре алатындай сандарды азайтамыз деген əңгіме жоқ. «Казцинк» айтады, мен қазір істеп тұрған қондырғыма тазалау қоямын. Шамамен мың тоннаны азайтамын дейді. Жарайды, ол 1-2 жылдық жоспарға жақсы нəрсе. Бірақ енді сендер үлкен кəсіпорынсыңдар. Алдағы 10-15 жылда, 20 жылда не болады?

Не болатынын ешкім болжай алмайды. Өйкені бақылау жабдықтары тозған. Қалада тек 11 зауыт ауаның сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе енгізген. Ал кейбір кəсіпорындарда арнайы қондырғы да жоқ.

Әйгерім Бақтиярова, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

Ондай кəсіпорындар белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр. Олар бұл туралы бізге ақпарат берді. Бірқатары өз жұмысын жол картасына сəйкес жоспарлаған. Олардың басым бөлігі 2026 жылы шілде айына дейін бақылау қондырғысын орнатып болуы тиіс.

Облыстық Экология департаменті тек биыл ауаның ластануы бойынша 86 заң бұзушылықты анықтады. Ірі өндірістер зиянды қалдықтарды рұқсат етілген шектік мөлшерден бірнеше есеге көп шығарған.

«Қазгидромет» орталығының мамандары жылжымалы зертханамен қаланың əр аумағындағы ауа құрамын тексереді. Сол арқылы экологиялық мониторинг жасалады. 

Надия Ғафурова, облыстық «Қазгидромет» орталығының жетекші инженері:

Жылжымалы зертханада алынған сынамаларды кешенді зертханаға тасымалдап, сол жерде талдау жүргіземіз. Бұл негізі нақты концентрациясын көрсетеді. Қай уақытта неше шоғыр көрсеткенін. Талдау нəтижелерін есептеп болғаннан кейін құзыретті органдарға жібереміз.

Қала билігі өндірістік аймақтарға ауа сапасын бақылауға арналған 15 қондырғы орнатуды жоспарлап отыр. Қажет құрылғыларды алуға байқау жарияланды. Ол зертхана іске қосылған соң Өскемендегі зауыт-фабрикалардың ауаны қалай ластайтынын жеке-жеке анықтауға болады. Ал қазір жалпы Қазақстанда 77 ірі зауыт қана ауа сапасын бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылған. Қалған өндірістер туралы нақты ақпарат мүлде жоқ.


Бөлісу