Шымкентте асфальт бұзатын ауыр жүк көліктері бақылауға алынды
Енді Шымкентте ауыр жүк көліктерінің қозғалысы автоматты түрде бақыланады. Қаланың жол қауіпсіздігі мен инфрақұрылымын сақтау бағытында ауқымды жоба қолға алынды. Жаңа жүйе артық салмақ артқан көліктерді бірден анықтап, айыппұлды автоматты түрде рәсімдейді.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Міне, дәл осы автоматтандырылған өлшеу бекеті арқылы ауыр жүк көліктерінің салмағы нақтыланады. Егер бір оське түсетін жүктеме 10 тоннадан асып кетсе, жүйе көліктің нөмірін тіркеп, айыппұл рәсімдейді. Барлық үдеріс электронды түрде бақыланады.
Қазір қалада ауыр жүк көліктерін бақылайтын үш өлшеу бекеті бар. Олар – Жібек жолы, Бердіқожа батыр және Әмір Темір көшелерінде орнатылған. Жүйе көліктің нөмірін, салмағын және өлшемін автоматты түрде тіркейді. Қазір сынақ режимінде жұмыс істеп тұрған таразылар 15 қазаннан бастап толық іске қосылады.
Өмір Қалыбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Жібек жолы көшесінде 8 күннің ішінде 1600 құқықбұзушылық тіркелді. 10 тоннаға есептелген жолмен кей көліктер 20 тоннадан астам жүкпен жүріп өткен. Мұндай артық салмақ бір бағытта қайталана берген соң жол жамылғысының бұзылуына алып келеді. Яғни жол шамамен үш жыл ертерек тозады.
Шамадан тыс жүктеме қала жолдарының мерзімінен бұрын жарамсыз болуына себеп. Мамандардың айтуынша, ауыр көліктердің салмағы нормадан асқанда асфальт қабаты сыр беріп, жол бетінде ойықтар мен жарықтар пайда болады.
Ермек Намазов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Шымкент қалалық филиалы сынақ зертханасының меңгерушісі:
Бір оське түсетін салмақ шектен асса, жол жабын қабатында жылжулар мен іздер пайда болады. Қазірдің өзінде қаламыздың магистральды көшелерінде дәл осы ақаулар жиі кездеседі. Автоматтандырылған өлшеу таразылары – осы мәселенің нақты шешімі.
Атаулы жүйе тек жазалау емес, жолдың сапасын сақтау үшін енгізіліп отыр. Алайда кей жүргізушілер бәрін айыппұлмен шешу дұрыс емес деп есептейді.
Қынабек Жорабеков, жүргізуші:
Жүктің нормасынан асып жатқандар бар, иә. Бірақ бәрін бірден айыппұлмен емес, алдымен ескерту арқылы реттеу керек шығар. Бірден жазалай берген де дұрыс емес қой.
Жүйе сынақ кезінде-ақ тиімділігін көрсеткен. Жалпы жоба құны 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Алдағы уақытта қалаға кіретін және айналма бағыттарда тағы 7 станция орнатылады дейді салаға жауаптылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
