Қазақстанда 350 мың адам жүйелі түрде құмар ойындарын ойнайды
«Абай облысы – лудоманиясыз аймақ». Осындай тақырыпта өңір әкімдігі мен облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлескен форум ұйымдастырды. Қоғамда құмар ойындарының зиянына қарсы иммунитет қалыптастыру, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және лудоманияның алдын алуды көздейтін жиын қарсаңында жастар арасында түрлі байқау ұйымдастырылған. Бүгін сол байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Жиынға белгілі спортшылар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері қатысып қоғам дертіне айналған кеселмен күресудің жолдары талқыланды.
Мұхит Тұрсынов, облыстық Мәслихат депутаты:
Қазір жастар арасында түрлі ұтыс тігу кең тараған. Футболға, түрлі ойынға бәс тігу бар. «Тез байып кет», «Жеңіл ақша тап» деген жарнамалар көбейіп кетті. Мұның бәрі жастарды лудоманияға, яғни құмар ойынға әуестенуге итермелейді. Бұл — қоғам дерті. Осындай форумдар арқылы біз жастарға жеңіл ақшаның жақсылыққа апармайтынын түсіндіріп, насихаттау арқылы ғана лудоманиямен күресе аламыз.
Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда 350 мың адам жүйелі түрде құмар ойындарын ойнайды. 36 мың адамға «лудомания» диагнозы қойылған. Бұл тек ресми тіркелгендері. Құмар ойынға телміргендердің 71 пайыздан астамы жоғары білімді азаматтар. Осыдан-ақ қоғамды артқа сүйрейтін кеселдің қауіптілігін бағамдауға болады. Сондай-ақ форум аясында 10–20 қазан аралығында өтетін республикалық қаржылық қауіпсіздік диктанты туралы да айтылды. Бұл бастама азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға және онлайн-алаяқтық пен лудоманияның алдын алуға бағытталған. Қатысушылар тест түрінде өз білімін тексеріп, арнайы сертификат алады.
Берік Уәли, Облыс әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқандай, шын мәнінде озық ұлт болу үшін, жақсылыққа ұмтылумен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Құзырлы органдар өткен жылы интернет казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттаған. Бәрінің жұмысын тоқтатып жауып тастады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
