Елімізде 320 мың адамның қан айналымы жүйесі бұзылған
Елімізде қан айналымы жүйесі ауруларына шалдыққан 320 мыңға жуық науқас бар. Соның ішінде тромбоз дерті тек егде жастағы адамдарда емес, жастар арасында да жиі кездеседі. Мәселен, соңғы бір жылда тромбозбен тіркелген науқастар саны 7 мыңнан асты дейді дәрігерлер. Алматыда өткен Халықаралық конференцияда мамандар сырқатты емдеудің озық әрі заманауи әдістерін сөз етті. Дертті ерте анықтаудың қандай тәсілдері бар?
Алматылық Болат Алтынбаевтың күретамырында тромб пайда болып, ағзада қан айналымы қиындаған. Соның салдарынан әлсіреп, жүруім де қиындай түсті дейді. Сөйтіп осыдан екі ай бұрын оң аяғына ота жасапты, дертіне дауа қонып, енді екінші операцияға дайындалып жүр.
Болат Алтынбаев, қала тұрғыны:
Операцияға дейін менің жағдайым ауыр болды. Ентігіп, тіпті 20-30 метр жерге жүре алмайтынмын. Бастапқы кезеңде елемей, уақыт өткізіп алдым. Кейін тамырым тарылып, жүрек пен миға қан бармай жатқанын білдім. Бұл дерт менде аяқасты пайда болды.
Тромбоз – қанның қалыптан тыс ұйып, тамыр ішінде бөгеліп қалуы. Салдарынан жүрекке, миға, өкпеге оттегі жетпейді. Былтыр 305 мыңға жуық адамға қан айналымы бұзылысы диагнозы қойылса, биыл олардың саны 320 мыңға жуықтаған. Науқастардың көбі Алматы, Түркістан облысы, Астана қалаларынан. Ал былтыр 6 мыңнан аса адам тромбозға шалдықса, биыл олардың саны 7 мыңнан асқан. Дәрігерлер тромбозды ерте сатысында скрининг арқылы анықтау маңызды деп отыр.
Мадияр Алтай, ангиохирург-дәрігер:
Біз емдеуден бұрын скринигті дамытуымыз керек. Скрининг жылына бір уақыт қант диабетімен есепте тұратын науқастар, жүрек жеткіліксіздігімен, қан қысымымен есепте тұратын науқастар, сонымен қатар жасы 40-50-тан асқандар қауіп факторына, тәуекелге кіреді. Сол науқастарды жылына бір-екі уақыт УЗГД, қан тамырларды тексеріп тұрса, сол кезде анықтауы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, операциядан кейінгі оңалту уақыты әр адамға жеке белгіленеді. Егер ем-дом тек дәрімен жүргізілсе, қалпына келу кезеңі қысқарады. Дәрігерлер бұл процестің нақты мерзімі жоқ. Бәрі науқастың жасы мен қосалқы ауруларына байланысты деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
