Кен орнын тапқан инвесторға оны игеру құқығы беріледі
Енді аз зерттелген аумақтарда пайдалы қазба тапқан инвестор оны әрі қарай барлап, игеру құқығына ие болады. Мәжілісте геологиялық барлауға серпін беретін жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше заң жобасына «аз зерттелген аумақ» ұғымы енгізілді. Бұған Шу-Сарысу, Балқаш, Солтүстік Торғай, Солтүстік Қазақстан, Зайсан және елдің шығысы мен орталығы кіреді. Бұдан бөлек, кен орнын иеленіп алып, игермей отырғандарға тосқауыл қойылмақ. Қазір ұлттық компаниялардың иелігінде 53 жер қойнауы учаскесі бар. Оның тек 20%-ы игеріліп жатыр. Қалғандары айналымнан тыс тұр. Жаңа заң резерв мерзімін шектейді және бос учаскелерді электрондық аукцион арқылы нарыққа шығаруды көздейді. Сонымен қатар уран саласында ұлттық компанияға басымдық беру көзделген. Заң қабылданса, елге шамамен жаңа инвестиция ретінде 1 млрд АҚШ доллары тартылады деген болжам бар.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Инвесторларға біз жеңілдік жасадық. Яғни ол геологиялық зерттеу, барлау кезінде кен орнын табатын болса, онда ол болашақта оны игеруге кепілдік алады. Аз зерттелген аумақтан ірі кен орнын табатын болсақ, ол 100 млн тонна мұнай, 50 млрд текше газ. Оның 50 пайызы кемінде ұлттық компанияға беріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
