Басты Жаңалықтар Алматыда заңсыз салынған 100-ден аса нысан сүрілді

Алматыда заңсыз салынған 100-ден аса нысан сүрілді

Алматыда соңғы үш жылда заңсыз салынған 100-ден аса нысан сүрілді. Қазір қалалық Әділет департаментінде 64 құрылыстың мәселесі қаралып жатыр, дейді әкімдік өкілдері. Заңсыз және рұқсатсыз құрылыстарға қарсы күрес күшейсе де, қыруар қаржысынан қағылған үлескерлер саны азаймай тұр. Бірі ақшасын салған баспанасынан айырылса, енді бірі жылдар бойы үмітін үзбей, пәтерін күтіп жүр.

Әлия Баяхметова - құрылысы аяқталып қалған тұрғын үй кешенінен пәтер алуға қомақты қаржы салып, артынан опық жегендердің бірі. Айтуынша, құрылыс компаниясы кепілде тұрған жерге заңсыз үй салып, кейін банк ол нысанды тартып алып, басқа мекемеге сатып жіберген.

Әлия Баяхметова, үлескер:

Біз бұған дейін сан мәрте сотқа жүгіндік. Жаңадан келген инвестордың пәтер береміз деген уәдесі болғанымен, кейін бізді мүлде қабылдамай қойды. Біздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Уақытымыз да, үмітіміз де таусылды. Енді не істерімізді білмейміз. Не үйіміз жоқ, не ақшамызды қайтара алмадық.

Мұндай жағдайлар Алматыда жиі кездеседі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары заңсыз және рұқсатсыз құрылыстарға қарсы бақылау күшейген. Әсіресе таулы аймақтарда өз бетінше салынған нысандар жиі анықталады. Қазір сол өңірлерде 42 заңсыз құрылыс тіркелген: 16 нысан бұзылды, тағы 16 іс сотта, 7-еуі қаралып жатыр.

Олжас Төлебаев, қалалық Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы:

Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шара қолданып, Әкімшілік кодекске сәйкес ары қарай нұсқама береміз. Құқықбұзушылықты жою жөнінде. Құқықбұзушылық біз берген мерзімде жойылмаса, әрі қарай 244-бапты Азаматтық кодексті басшылыққа ала отырып, аталған нысан жөнінде сотқа талап-арыз жолдаймыз.

Әкімдік заңсыз құрылыстарды ерте анықтау үшін арнайы WhatsApp желісін іске қосқан. Соңғы екі жылда орталыққа тұрғындардан 10 мыңнан аса шағым түскен. Десе де мұндай бақылау аздық етеді, дейді сала мамандары.

Диляра Сейітнұрова, ҚР Құрылысшылар одағының мүшесі:

Қарапайым халыққа ол түсінікті болуы керек. Қолжетімді болуы керек. Мысалы, еGov порталы арқылы елдің бәрі қолданатын, сол егер цифрландырса, адамдарға түсінікті, тиянақты түсіндірілген болса, заңсыз нысандар азаюуына себепкер болып келеді.

Сондықтан құрылысшылар жылжымайтын мүлік сатып аларда сала мамандарына жүгініп, нысанның құжаттары толық екеніне көз жеткізу қажет екенін айтады. Әйтпесе заңсыз құрылысқа ақша салып, сан соғып қалуыңыз мүмкін.


Бөлісу