Әлемдік нарықта алтын қымбаттап жатыр
Әлемдік нарықта алтынның бағасы шарықтап барады. Қазір бағалы металдың унциясы 4 мың доллардан асты. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Оған не себеп? Қазақстанға қандай әсері бар? Ернұр Медет сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.
Жыл басынан бері алтын бағасы шамамен 50% қымбаттады. Әлемдегі саяси шиеленістер мен санкцияның салқыны қор нарығын айналып өтпеді. Ал инвесторлар алмағайып уақытта қаржыдан қағылудан қорқады. Сондықтан ақшасын құны құбыла бермейтін алтынға ауыстырып жатыр. Себебі ол бағасы тұрақты әрі сенімді актив дейді сарапшылар.
Даниел Альтман, экономист:
Дағдарыс болуы мүмкін дәл осындай белгісіздік кезеңінде алтын – инвесторлар үшін инфляциядан қорғану құралы. Себебі оның құны жоғалмайды әрі девальвациялау мүмкін емес. Сондықтан қауіпсіз активте қаржысын сақтау үшін барлығы ұмтылады. Экономика заңдылығына сәйкес сұраныс артқан сайын құнды металдың бағасы да өсе береді.
Бір ай бұрын ғана елдегі алтынның бір грамы 58 мың теңге болса, қазір 69 мыңнан саудаланып жатыр. Жалпы, макроэкономикалық және сақтандыру саясаты тұрғысынан пайдасы бар. Әр отбасы ақша жинап, сақтайтыны сияқты мемлекет те өзінің қаржысын құйма алтынмен жинақтайды. Яғни, Ұлттық банк бағалы металды теңге құнсызданған сәтте жағдайды тұрақтандыру үшін пайдаланады.
Қажыгелді Шамбыл, экономист:
Жалпылама халық немесе жекелеген кәсіпкер үшін алтын бағасының шарықтауының әсері жоқ. Алтын бағасының шарықтауы макроэкономикалық негізінде, қаржылық тұрақтылыққа негізделген Ұлттық банктің саясаты. Ұлттық банк алтын көлемін неғұрлым жинақтаса, ол теңгені девальвациядан сақтауға мүмкіндік береді.
Бағаның өсуіне байланысты алтынға салым салу халық арасында жиі талқыланып жүр. Инвестициялық монеталар мен құймаларға сұраныс артқан. Ол пайыздық табыс әкелмесе де, белгісіздік кезеңінде ақшадан айырылмауға көмектеседі. Дегенмен мамандар жинақтың бәрін тек алтынға салу қауіпті екенін ескертеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
