Қазақстанға шетелден 100 мың студент келуі мүмкін
Әлемге әйгілі университеттердің Қазақстандағы филиалдарына алдағы үш жылда шетелден 100 мыңнан астам студент келуі мүмкін. Бұдан бюджетке жыл сайын кемінде 30 млрд теңге пайда түседі. Қазірдің өзінде елдегі оқу орындарында 31 мың студент білім алады. Түрікменстандық Эзизбек Курамбаев былтыр Астанаға оқуға келген. 19 жастағы студент жыл сайын 2 миллион теңге төлеп, халықаралық қатынастар бағытында білім алып жатыр.
Бұған дейін туыстарым да Астанада оқыды. Түрікменстанға оралғаннан кейін бірден жұмыс тауып, жемісті еңбек етіп жатыр. Қазақстаннан алған диплом әлемнің 55 елінде жарамды. Әрі басқа елдермен салыстырғанда оқу ақысы қымбат емес.
Ал Шахрибаи Резаи Ауғанстаннан келген. Болашақ экономист оқуды бітіргеннен кейін Қазақстанда жұмыс істеймін дейді.
Шахрибаи Резаи, студент:
Қазақстан жайлы әлеуметтік желілерден естідім. Қазір 3-курста оқып жатырмын. Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын, бірақ диплом алғасын осында қалғым келеді. Әттеген-айы, әзірге қазақ тілінде еркін сөйлей алмаймын. Бірақ жуырда толық меңгеріп алмақшымын.
Эзизбек пен Шахрибаи Ұлттық университеттерде оқиды. Бізден білім іздеп келген 25 мың студент те отандық оқу орындарын таңдаған. Тағы 6 мыңдайы әлемге әйгілі білім ордаларының филиалдарында оқып жатыр. Студенттердің көбі Үндістаннан келген. Сондай-ақ көршілес елдерден де білім алушылар көбейді. Олар экономикамызға бір жылда 30 млрд теңге табыс әкелген.
Қайрат Бодаухан, экономист, профессор:
Сондықтан шетелдің университеттері де қазір бізге келіп, жұмыс істеуге ынталы. Сол қаржының бәрі белгілі дәрежеде біздің бюджетке түседі. Екінші жағынан студенттеріміздің де бір-бірінен үйренуіне, жаһандық процестерге араласуына әсер етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде кейінгі үш жылда әлемнің үздік университеттерінің 40 филилалы ашылды. Солардың бірі – британдық «Кардифф». Бұған дейін шетелде оның кампусы болмаған. Оқу ақысы 8 миллионнан асатын білім ордасы алдағы жылдары өзге елдерден 7 мың студент қабылданбақ.
Кардифф университетінің халықаралық деңгейдегі беделі алыс-жақын шетелдегі студенттердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Себебі бұл әйгілі расл груп тобына кіретін Орталық Азиядағы алғашқы университет. Оқу ақысы қазақстандық студенттер үшін 15 мың доллар, ал шетелдік азаматтарға 17 мың долларды құрайды.
Кейінгі 5 жылда елімізге келетін шетелдік студенттердің саны 5 есе артқан. Жуырда ашылатын Италия, Оңтүстік Корея, Германияның оқу орындарының кампустары мұны еселей түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
