Ақтөбеде 136 адамды алдаған емшіге сот үкімі шықты
Ақтөбеде 136 адамды алдап, 579 миллион теңгеге несие алдырған емшіге сот үкімі шықты. 51 жастағы Сұлушаш Қазбаева өзіне ем іздеп келгендердің сеніміне кіріп, олардың миллиондаған қаржысын иемденіп отырған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Сұлушаш Қазбаеваны ақтөбеліктер халық емшісі ретінде жақсы танитын. Алайда осы жылдың қаңтар айында ондаған тұрғын жиналып, оның үстінен шағымданған еді. Жәбірленушілердің айтуынша, Қазбаева жеке емхана ашамын, тойхана саламын, қызымды емдетемін деген желеумен еміне дауа іздеп келгендерге несие алғызып отырған. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, қамауға алынды.
Марал Жаманбаева, жәбірленуші:
Мені банкке ертіп барды, қай жерге отыратынымды, қанша млн сұрайтынымды – барлығын өзі айтып отырды.
Жәбірленушілердің кейбірі емшіге 17-24 миллион теңгеге дейін несие алып бергені анықталды. Қыруар қаржысынан қағылғандардың арасында зейнеткерлер, жалғызбасты аналар мен мүгедек балаларын емдетпекші болған ата-аналар да бар. Іс 39 томнан тұрады. Сот Қазбаеваны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алайда ол жазасын тек екі жылдан кейін өтейді.
Тұрсынхан Салықов, №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы:
Сотталушының жас баласы болуына байланысты сот жазасын өтеуді екі жылға кейінге қалдырды. Ол заңда белгіленген, көрсетілген. Заң сотқа міндеттеген.
Қазбаева бұған дейін жиналған ақшаның қайда жұмсалғанын айтудан бас тартқан. Оның айтуынша, несие жәбірленушілердің еркімен алынған. Дегенмен ол сот үкімімен барлық қаржыны қайтаруы тиіс. Шығындарды өтеу бойынша жәбірленушілердің талап-арызы ары қарай азаматтық сотта қаралады. Емшінің қорғаушысы сот үкімімен толық келісетінін мәлімдеді.
Эльмира Жұмабаева, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:
Ешқандай аппелляциялық шағым жазбаймыз. Үкімге біз ризамыз. Енді Қазбаева Сұлушаш шығындарды, халықтан алған алған несиелерді сот мәжілісі кезінде де де айтты, мен өтеймін, ешкімнің ақшасын жемеймін деді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Сот процесіне отызға жуық жәбірленуші келді. Олардың көбі үкіммен келіспейтіндерін білдірді. Қорғаушысының айтуынша, Қазбаева шығындарды өтеуге дайын. Осы уақытқа дейін 579 миллион теңгенің жартысы төленген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
