Студенттер Еуропада Қазақстанның имиджін арттырмақ
Бельгиядағы қазақстандық студенттер Еуропада қазақ елінің имиджін арттырып, Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға өз үлестерін қоспақ. Бұл туралы жастар еліміздің Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Роман Василенкомен кездесуінде мәлімдеді. Қазір корольдікте 80-ге жуық қазақстандық студент білім алып жатыр. Елші жастармен Президенттің Жолдауын талқылап, экономиканы әртараптандыру, елге инвестиция тарту, жасанды интеллектті дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Елші жас буын өкілдерін ел игілігі үшін маңызды шараларды бірігіп атқаруға шақырып, студенттер қауымдастығына домбыра сыйлады.
Роман Василенко, ҚР Бельгиядағы елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы тұрақты өкілі:
Екі жыл бұрын құрылған қазақстандық студенттер қауымдастығының корольдікте түрлі шараларды белсенді ұйымдастырып жатқаны қуантады. Осы қауымдастықпен бірігіп, студенттердің тәжірибе алмасуын, мәдени шаралар мен Еуропадағы студенттердің құрылтайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалынды жастардың цифрлық Қазақстан құруға қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.
Әлімсері Махамбетәлі, Лёвен католик университетінің 3-курс студенті:
Осы Еуропаға келіп, мықты білім алып, тәжірибе жинап, елімізге оралып, елімізді көтеру — басты мақсаттарымыздың бірі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
