Зейнетақы қорынан бір айда 10 млрд теңге жұмсалған
Биыл қазақстандықтар зейнетақы қорынан жылдағыдан екі есе көп ақша алған. Бір айдың өзінде баспанаға не оқуға деп, жалпы сомасы 100 миллиард теңге сұратқан. Экономистер бұлай жалғаса берсе, алдағы 20 жылда қорда қаржы айтарлықтай азайып, кей азаматтардың зейнетақысы мардымсыз болып қалады дейді. Жинақты жұмсамай тұрып нені ескеру керек? Қамсыз қарттық үшін ақшаны қайда сақтаған дұрыс? Әріптесім тарқатады.
Зейнетақы қорындағы жинағын уақытынан бұрын жұмсағандардың саны кейінгі айларда күрт көбейді. Мәселен, былтыр шілдеде шамамен 73 мың адам баспана алса, биыл бір айда 110 мың тұрғын қордан осы мақсатта қаржы сұратқан. Сонымен қатар биыл шілдеде 66 мың адам жинағын ота жасату үшін, дәрі-дәрмекке жұмсаған. Бұл былтырғы жылдың дәл осы айынан 67 пайыз көп.
Гүлнұр Ақайдарова, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ департаментінің басқарма бастығы:
Зейнетақы төлемдерін алар кезде алдымен болашақта зейнетақыны қанша көлемде ала алатынын алдымен айқындап, нақты шешім қабылдау керек. Ол үшін қордың ресми сайтындағы «зейнетақы калькуляторы» құрылғысын пайдалануға болады. Онда болашақта қандай зейнетақы алуға болатынын есептеп алуға болады.
Алайда экономистер қорға қол сала беру зейнетақыны әлдеқайда азайтады дейді. Айталық, қазіргі зейнеткерлердің бәрі 1998 жылға дейін жұмыс істегендер болғандықтан, ынтымақты зейнетақыны алып отыр. Ал 20 жылдан кейін зейнетке шығатындарға ай сайын тек базалық зейнетақы түседі. Ол күнкөріске де жетпейді. Сондықтан қарттықтың қамын әзірден ойлап, қордағы қаржыны емге, оқуға жұмсамай, тек баспана алған дұрыс, дейді қаржыгерлер.
Ерлан Кәрімов, экономист:
Жылжымайтын мүлік бағасы жыл сайын өсіп келе жатыр. Жуырда анализ жасадық. Астанада, мысалы, пәтер бағасы Дубайға қарағанда екі есе тез өсіп жатыр. Ойлану керек, менің зейнетке жинап жатқан ақшам жете ме, жетпей ме деп. Уақыт зымырап, зейнет жасы да келіп қалады.
Ал баспана алу үшін «Отбасы банк» бөлімшесіне немесе Enpf.otbasy.kz сайтына өтінім жазу керек. Бірақ қордағы қаржыны түгел шеше алмайсыз. Оның шекті сомасы азаматтардың жасына қарай есептеледі. Яғни, сол қаржыдан артылғанын ғана жұмсауға болады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Зейнетақы қорындағы жинақты көбейтудің тағы бір жолы – қаржыны инвестицияға салу. Келер жылдан жеке компаниялармен келісімшартқа отыруға болады. Олар сіздің ақшаңызды акция, облигацияға салып, еселеп береді. Сенімді компаниялардың тізімі enpf.kz сайтына жарияланады, тек соларға жүгінген абзал. Ал ақшаңызды инвестицияға салып, тәуекелге барғыңыз келмесе, жинағыңыз қорда сақталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
