Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Дәнді және майлы дақылдар мен көкөніс алқабындағы жұмыс бір аптадан соң аяқталады. Мол астық пен сапалы өнімнің артуы заманауи технологиялар мен цифрлық қондырғылардың дамуының арқасында, дейді шаруалар. Мәселен, Нұра ауданында алғаш рет 5 сатылы тазалау құрылғысы іске қосылды.

Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылында 48 мың гектар жерге дәнді, майлы дақылдар, 500 гектар жерге картоп егілген. Өнім де әзірге жаман емес. Шаруашылық биыл тұқым өңдейтін заманауи кешенді іске қосты. Бұл толықтай сандық жүйемін жұмыс істейді. Сағатына 70 тонна астықты тазалай алады.

Думан Шәктаев, тұқым тазалау кешенінің меңгерушісі:

Бидай мен арпаны араласып кетсе, бір-бірінен айыру қиын. Бұл кешеннің фотосеператоры арқылы екеуін айырып береді. Бұл тек бидай емес, арпа да, сұлы, зығыр барлығын тазалайды.

Бұрын астық ескі әдіспен бірнеше мәрте тазартылатын. Оған көп уақыт кетеді. Ал мына неміс машиналары дәнді-дақылды ең жоғары сапада сұрыптайды. Ал алқаптағы барлық жұмыс диспетчерлік орталықта сандық жүйе көмегімен бақыланады. Бұл адам күшімен атқарылатын қосымша жұмысты жеңілдетіп, шығын есебін нақты жүргізуге мүмкіндік береді.

Мұстафа Жанділдин, шаруа қожалығының бас инженері:

500 гектар жерге қанша жағармай, қанша тұқым қажет екенін есептейміз, жалақыны да соған қарай белгілейміз. Жер мен судың эрозиясынан шұңқырлар пайда болса, ол жерге дән себілмейді. Мұндай жерлерді кесіп алып тастаймыз.

Бүгінде шаруа қожалығында 200 аса адам еңбек етеді. Сандық қондырғылар мен тиімді технологияның арқасында жұмыс біршама жеңілдеген. Елімізде ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асуда. Алайда Қытай, Канада, Аустралия сынды елдермен әлі де салыстыруға келмейді дейді, мамандар.

Георгий Прокоп, Шаруа қожалығының директоры:

Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге енді кірісіп жатырмыз. Оның тиімді тетіктерін зерттеп жатырмыз. Бүгінде біраз жұмыс сандық технология көмегімен істеледі. Биыл соның арқасында шаруашылық тарихында болмаған рекордтық астық жинап отырмыз.

Облыс бойынша 915 мың гектар жерге дәнді, 78 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Қазір астықтың 85 пайызы жиналды. Картоп пен көкөніс алқабындағы жұмыс та бір аптадан соң аяқталады.


Бөлісу