Басты Жаңалықтар Ақтөбедегі оқушы қазасы: 6 айыпталушыға сот үкімі шықты

Ақтөбедегі оқушы қазасы: 6 айыпталушыға сот үкімі шықты

Ақтөбеде кәмелетке толмаған алты балаға қатысты сот үкімі шықты. Олар өздерінен кіші балаларды ұрып, Нұржан Сыдықтың өліміне себепші болғаны үшін айыпталды. 14 жастағы бала ауыр соққыдан есін жимастан көз жұмған болатын. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқиға бір жыл бұрын Темір ауданының Қопа ауылында болған еді. 10-11 сынып оқушылары өздерінен кіші балаларды жинап, тәртіпке салмақ болған. Нұржан Сыдықты өлімші етіп ұрып, ауыл сыртындағы ескі моншаның қасына тастап кеткен. Өзге балаларға бұл туралы ешкімге айтпау керектігін мықтап тапсырған.

Бұл іске қатысы бар деген күдікке 6 бала ілінген еді. Олар Қылмыстық кодекстің «абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сондай-ақ бұзақылық жасады және қылмысты ұйымдастырды деп айыпталды. Тергеу амалдары бір жылға созылып, бүгін сот үкімі оқылды. Алты айыпталушының үшеуі шартты жазамен сот залынан босатылды. Қалған үшеуіне 6 жыл 8 ай жаза кесілді.

Жанат Бекенова, облыстық Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны ретінде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі тағайындалсын.

Үкімді тыңдауға екі тараптың да туыстары көп жиналды. Тергеу барысын еліміздің бас прокурорының өзі бақылауға алған еді. Сот үкімімен жәбірленуші тарап толық келісетіндерін мәлімдеді.

Гүлвира Сүндетбаева, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:

Үкіммен келісіп отырмыз. Заңды шешім қабылданды деп шешімге келіп отырмыз.

Сотталушылардың бесеуі тергеуде жатып, орта мектепті аяқтаған. Біреуі биыл 11-сыныпқа көшкен. Оқушы өлімінен соң мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған еді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Судья облыстық Полиция департаменті мен білім басқармасына жеке қаулы шығарды. Жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық шығын толықтай өтелді.


Бөлісу