Бекет Мырзағұлұлының 275 жылдығы аталып өтті
Маңғыстауда Тобықты жерінде ғұлама ойшыл Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған шаралар ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бекет атаның мерейтойына құттықтауын жолдады. Екі күнге жалғасқан жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден 10 мыңнан астам адам жиналған.
Бекет ата Мырзағұлұлы шамамен 1750-1813 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың батыры, ағартушы әрі сәулетшісі. Жастайынан оқу-білімге құмар, ерекше дарынды, парасатты болған. Ол өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Ғұлама ойшылдың - 275 жылдығына арналып, Шопан ата мен Бекет ата мешітінде зиярат жасалды. Жүзден астам киіз үй тігіліп, ас берілді. Жиналғандарға Президенттің құттықтауын аймақ басшысы жеткізді.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Бекет Мырзағұлұлы – еліне тұтқа, жұртына пана болған тұғырлы тұлғаларымыздың бірі. Бүгінде Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері құлшылық орны, білім ордасы әрі ерекше сәулет өнерінің туындысы ретінде танымал. Менің тапсырмаммен, Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы басқа да тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу үшін нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Шара одан әрі рухани-мәдени бағдарламамен жалғасты. «Ойталқы» алаңында белгілі зиялы қауым өкілдері елдік пен бірлік жайлы ойларын ортаға салды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бекет ата жалпы түгел түркінің пірі болған, Қожа Ахмет Яссауидің жолын жалғаған, тек қана осы машайықтар мекені Маңғыстау үшін ғана емес, алты алаш, арғысы түгел түркіге ортақ әулие. Ол кісінің феномені – әрі сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем, елдестірген елші, шипа біткен емші.
Мерейтойда тай жарыс, аламан бәйге, қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Барлық іс-шара демеушілік қаражат есебінен өткізілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
