Түркістан облысында үй салуға жер телімдері беріле бастады
Түркістан облысының Келес ауданында отыз жылдан астам уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана берілмей келген. Аудан Сарыағаш ауданынан бөлінгеннен кейін ғана бұл мәселе біртіндеп шешіле бастады. Орталығы Абай ауылынан тұрғындарға 96 гектар үй іргелік жер беріліп, мемлекет қаражаты есебінен жаңа баспаналар салынды.
Абай ауылының тұрғыны Ербол Нарбайұлы 7 жыл бұрын жер кезегіне тұрған. Себебі көпбалалы отбасы осы күнге дейін дейін ата-анасының шаңырағында тұрып келген. Былтыр кезегі келіп, 10 сотық жерге ие болды. Енді жаңадан үй салып жатқанын айтады.
Ербол Нарбайұлы, Абай ауылының тұрғыны:
Бұл - үлкен көмек. Көктемде көшіп келуге ниетім бар. Жарық, газ барлығы беріліп, жағдай жасаса.
Былтыр аудан орталығы Абай ауылында тұрғын үй құрылысына арнайы жер телімдері бөлініп, кезекте тұрған 484 азаматқа үлестірілді. Бұдан бөлек баспана кезегінде тұрған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 104 отбасыға жеке тұрғын үй салынды. Бұл баспаналар алдағы уақытта жаңа жүйе бойынша үлестіріледі.
Асылбек Жұманов, Абай ауылының әкімі:
Ол көпбалалы, мүгедектігі бар осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда құрылысы аяқталды. «Отбасы банк» арқылы пайлануға беру жоспарлануда.
Бұдан бөлек аудан орталығында 2 қабатты 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 16-сы биыл пайдалануға беріледі. Пәтерлердің шаршы метріне 261 мың теңгеден мемлекет қаражаты қарастырылған. Мердігер компания жұмыстарын аяқтаған соң, құрылыс бөлімі қабылдап алады.
Нұрмахамбет Нарғозиев, Келес аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Бір-екі қабатты көппәтерлі үйде 8 пәтер болады. Жалпы 22 үйіміз бізде, 176 пәтер болады. Ол үйлер осы 2025 жылдың қараша айының соңына дейін аяқталып бітеді, тапсырылады деп жоспарлап отырмыз.
Ауыл тұрғындары жаңа үйлердің бой көтеріп, инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы – ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартады деген сенімде. Бұл өз кезегінде жастардың елде қалып, еңбек етуіне үлкен мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
