Атырау облысында жаңа салынған ғимараттар жыл бойы пайдалануға берілмеген
Атырау облысы Құрманғазы ауданында Ресеймен шекаралас жатқан елді мекендер медициналық мекемелерге зәру. Осыдан бір жыл бұрын Азғыр, Балқұдық, Сүйіндік, Қоңыртерек, Батырбек ауылдарында су жаңа амбулатория мен медициналық пункттер бой көтерген еді. Алайда әлі халық игілігіне берілмей қаңырап бос тұр. Ауыл тұрғындары аудан орталығына жол нашар болғандықтан көрші Ресейде ем қабылдауға мәжбүр. Ал мұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.
Бұл Балқұдық ауылындағы орталық аурухана. Кірпіші сонау 1960 жылы қаланған. Жағдайы нашар. Жөндеуді қажет етіп тұр. Айналадағы елді мекен тұрғындары амалсыздан осында келіп ем қабылдайды.
Салық Зарипов, Балқұдық ауылының тұрғыны:
Қайда барамыз? Қарабайлыға баратын екінің бірінің жағдайы жоқ. Аудан орталығы 260 шақырым. Жағдайың тартса барасың оған, әйтпесе жол күйсіз.
Ауылда білікті маман да жетіспейді. Терапевт, педиатор және гинеколог дәрігер керек. Жас мамандар келгенімен тұрақтамайды. Қажетті құрал-жабдықтар да ескірген.
Данагүл Қабдуллина, акушер-гинеколог:
Заман талабына байланысты жаңа аппараттармен жұмыс істегіміз келеді. Ол үшін жаңа емханаға көшкіміз келеді.
Төңіректе осындай 5 ауыл бар. Онда 3 мыңға тарта адам тұрады. Бәрінің тілегі бір. Заманауи жабдықталған емхана сұрайды. Азғыр ауылындағы фельдшерлік пункттің жағдайы тіптен қиын. Қабырғалары қақырап, әбден тозған.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Ауылдағы жалғыз медициналық пункттің сиқы осы. Осыдан 4 жыл бұрын төбесі құлап кеткен. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір дәл осылай соқамен тіреп қойған. Егер мынау опырылып түссе, астында адам қалу қаупі бар.
Гүлмаржан Қайратова, санитар:
Сырттан көмір кіргізіп, қи салып от жағамыз. Осы помещениеде отырамыз. Жылымайды вообще.
Сүйіндік, Батырбек, Қоңыртерек ауылдарындағы жаңадан салынған медпункттердің де есіктері құлыптаулы. Жарқырап тұрғанымен халық игілігіне берілмей тұр. Осылай тұрғанына 1 жылдан асқан.
Мансұр Қуанышәлиев, аудандық мәслихат депутаты:
Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы, облыстық денсаулық басқармасына әлі берген жоқ. Өйткені құжаттар бітпей жатыр дейді. Берілмегесін осылай кілттеулі тұр. Енді ауыл деген мынау, ауру деген бар, көп дәрігер жоқ.
Ернар Қадырбай, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:
Сол мәселелерді шешу үшін белгілі мерзім қажет етті. Ол процедуралық мерзім. Сол себептен кішкене созылған болатын. Қазіргі таңда бұл жер мәселесі де инженерлік желілері де барлығы толықтай аяқталды. Осы келесі айдың басында халық игілігіне табыстап, пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз.
Иә, жауаптылар нысандарды жуырда береміз деп сендірді. Маман мәселесі де шешілмек. Медициналық пункттерден бөлек тұралап қалған тағы бір нысан бар. Азғыр ауылындағы 110 орындық клубтың құрылысы 3 жылдан бері бітпей тұр. Себеп мердігердің салғырттығы. Қазір жауапсыз мердігермен келісімшарт бұзылып, қайтадан жобаға түзету енгізіліп, бюджеттік өтінім жолданған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
