Басты Жаңалықтар Ақтауда «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында халықаралық чемпионат өтуде

Ақтауда «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында халықаралық чемпионат өтуде


Ақтауда «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында «TurkicSkills-2025» халықаралық чемпионаты басталды.

Байқауға түркі тілдес мемлекеттерден жұмысшы мамандықтарында оқып жатқан 70-ке жуық студент қатысуда. Олар веб-технология, графикалық дизайн, дәнекерлеу, аспаздық өнер сияқты 10 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Үздіктерді 90 сарапшы анықтайды. Чемпионат аясында оқытушылар да бір-бірімен тәжірибе алмасып, семинар, тренингтерге қатысады. Маман дайындауда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін меморандумдар жасалмақ. Түркі тілдес елдердің жастары арасында бауырластықты, әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға арналған чемпионат 9 қазанға дейін жалғасады.

Золтан Сисек, сарапшы /Мажарстан/:

Мен 2007 жылдан бері «WorldSkills» байқауының сарапшысымын. Бұл - үлкен мектеп, тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын орта. Мына чемпионаттағы сайыстар да WorldSkills стандарттары мен бағалау жүйесі негізінде өтеді.

Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары:

Еліміздің әлемдік аренада білім кеңістігіндегі орнын айшықтайтын үлкен чемпионаттың бірі болып отыр. Бұл жұмысшы мамандықтардың беделін арттырады, сонымен қатар халықаралық стандарттарды біздің оқу бағдарламаларына енгізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта интернациоландыру аясында колледждердің байланысын күшейтіп, екі дипломды білім беруге көшуге қазір бағытталып отырмыз.


Бөлісу