Басты Жаңалықтар ҚҚС төлеуге кімдер міндеттеледі?

ҚҚС төлеуге кімдер міндеттеледі?

Жаңа жылдан бастап салынатын қосылған құн салығына орай материалдар бердік. Күмән мен наразылық жайлы да айттық. Заң қабылданды. Үш айдан аз уақыттан соң күшіне енеді. Дегенмен «жанама» деген сипаттамасы болса да, бәрімізге қатысты салық болғандықтан, тауарлар мен қызметтердің бағасы өседі. Ең көп қойылатын сұрақтарға тағы бір рет тоқталамыз. «Жеңілдетілген/оңайлатылған режим», «тыйым салынған тізім», «көлеңкеге кету» сияқты ұғымдарды тарқатып көрейік.

Екінші жағынан, ірі бизнестің, мысалы, құрылыс компаниялары немесе геологиялық барлаумен де айналысатын пайдалы қазба өндірушілердің «мұртын балта шаппай ма?» деген сұрақтар бар.

Әмияны бұлтиып тұратындар түгел алаяқ дейтін пролетарлық қылыш ұстамаймыз. Әңгіме — салықтың әділетті салынуы туралы. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.

Сонымен, жер қойнауын пайдаланушылар, құрылыс компаниялары, ірі өндіріс орындары, банктер, ойын бизнесі мен аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда үйлері 16 пайыздық қосылған құн салығын төлейді. Әрі оларға қатысты корпоративтік табыс салығы да 20 пайыздан 25 пайызға дейін өседі.

Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры:

Мысалы, жер қойнауын пайдалану саласында барлау дейміз ғой, барлауға керісінше ынталандыру керек. Өйткені барлау жұмыстары жүрмесе, кен орындары сарқылады. Көптеген моноқалалар бір кеннің айналасында тұр ғой. Банктерге салық мөлшерлемесі көтерілді. Келесі жылдан бастап 20 пайыздың орнына 25 пайыз төлейді. Бірақ егер бизнеске несие беретін болса, онда сол 20 пайыздық мөлшерлеме қалады. Себебі қазір банктер бизнеске кредит беруге мүдделі емес.

Одан бөлек, пайдалы қазбаны өндіру салығы деген бар. Бұл – мемлекет қазынасын толықтыратын басты түсім көздерінің бірі. Олардың салық мөлшерлемесі де біртіндеп көтеріліп отырады. Мәселен, уран өндіру салығы биыл 6 пайыздан 9 пайызға көтерілген еді.

Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры:

Жер қойнауын пайдалану саласындағылар бұрыннан-ақ көп төлейді. 2023 жылы әлемдік бағалардың өсуіне байланысты олардың салықтары 1,5 есе көтерілді. Мұнай өндіру саласында 2027 жылдан бастап мөлшерлеме тағы өседі. Мұнай өндірушілер акциздерді көбірек төлейді. Қазір бензин бағасы көтерілді ғой. Сол көтерілген бағадан түскен табыстың жартысын бюджетке аударады.


Бөлісу