«Дарбаза-Мақтаарал» теміржолының құрылысы келесі жылы аяқталады
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында салынып жатқан «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ірі инфрақұрылымдық жоба өңірдің ғана емес, тұтас елдің экономикасына оң әсер етпеді. Ұзындығы 152 шақырым болатын шойын жолдың құрылысына қазір 800-ге жуық адам тартылған. Құрылыс барысы туралы тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
«Дарбаза-Мақтаарал» темір жол желісі өңірдегі бес ауданнан өтеді. Яғни Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы Өзбекстанға дейін жалғасып, алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдауға жол ашпақ. Жоба құрылысы екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде жер тегістеліп, жол бойында 3 станция, 2 разъезд бой түзейді. Көпірлер мен су құбырлары салынады. Бүгінге дейін 90 шақырым жердің ой-шұқыры тегістелді.
Жоба бойынша жаңа темір жолдың бойынан 35 көпір салу жоспарлануда. Бүгінгі күні соның 24-де құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек 125 темірбетонды су өткізгіш құбыр қарастырылған болса, дәл қазір соның 54-де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Самархан Жадаев, көпір құрылысына жауапты мекеменің атқарушы директоры:
Көпірдің ұзындығы 94 метр, биіктігі 10 метр болады. Керекті нәрселердің барлығы қамтамасыз етілген. Алдағы қазан айында өз уақытында өткіземіз деп жоспарлап жатырмыз.
Бұдан бөлек Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпір түседі. Оның да құрылысы басталған. Бас мердігер өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Азамат Оспанов, «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің атқарушы директоры:
Осы қараша айында рельс-шпалды торларды төсеуді бастаймыз. Арыстағы базамызда қазіргі таңда 110 шақырым рельс-шпалдан құрылған тор дайын тұр. Бүгінгі таңда құрылысқа 350 техника жұмылдырылған және 750-800-ге жуық адам жұмыс істеуде. Үлкен қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
Құрылыстың екінші кезеңі келер жылы басталады. Онда 18 шақырымға теміржол төселеді. Жоба бойынша 1 станция, 1 разъезд, 1 бақылау пункті және 1 шекара бекеті ашылады. Тасымалдаушы ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, ол кезде көрші Өзбекстанмен ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттермен де алыс-беріс артады. Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыратын жоба келер жылдың желтоқсан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
