Басты Жаңалықтар Елдегі жанар-жағармайдың 25%-ы талапқа сай емес

Елдегі жанар-жағармайдың 25%-ы талапқа сай емес

Елдегі жанар-жағармайдың 25% талапқа сай емес. Зертханалық тексеріс нәтижесі осындай. Мұнай-газ саласының сарапшысы, мұны сервис компаниялардың құйтырқы әрекеті деп отыр. Елде жанармай сапасы қалай анықталады? Көңілі толмаса, көлік иелері қайда шағымдануы керек? Сапасыз жанармайдың экологияға әсері қандай? Ақниет Балтанова зерттеп білді.

Ақниет Балтанова, тілші:

Қазақстанда сатылып жатқан жанар-жағармайдың сапасы сынға ілікті. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жүргізілген зертханалық сынамалардың 25 пайызы техникалық регламенттерге сәйкес келмейді. Яғни бұл әр төртінші үлгінің талапқа сай еместігін білдіреді.

Еліміздің әр өңірінен жанармай мен дизель отынының 27 үлгісі алынған. 130-дан аса жанармай бекеті тексерілді. Көпшілігінен заңбұзушылықтар анықталса да, айыппұл салынбаған. Себебі кәсіпкерлік кодекске сәйкес, алдымен ескерту мен ұсыныстар жасалуы тиіс.

Бауыржан Қасымов, ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

Бірінші мәселе – таңбалау, екінші, күкірттің жетіспеушілігі және октанға байланысты бұзушылықтар анықталды. Егерде осы жанар-жағармайлар декларациясыз сатылып жатса, таңбалауы дұрыс болмаса, күмән болып жатса, біздің министрлікке қарасты техникалық реттеу комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқықтары бар.

Сала маманының айтуынша, сапаның нашарлауы тікелей бизнес өкілдеріне байланысты болып отыр. Сондықтан мемлекеттік бақылауды әлі де күшейту қажет дейді.

Асылбек Жәкиев, «Petrocouncil» мұнай-газ кеңесінің төрағасы:

Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты жақсы модернизациядан өткен. АИ-95 еуростандарт К4, К5-ке дейін жетті. Бірақ өкінішке қарай, ортада жүрген сервис компаниялар яғни шағын және орта бизнес өкілдері оны сумен, тағы басқа заттармен араластырып, осы сапасыз жанармайды нарыққа шығарып жатыр.

Өкініштісі, мемлекеттік бақылаудың екі-ақ тәсілі бар. Біріншісі - профилактикалық. Мұндайда жоғарыда атап өткендей, әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тек ұсынымдар жасалады. Екіншісі - жоспардан тыс тексерістер. Бұл - нақты шағым түскенде жүргізіледі. Заңбұзушылық анықталса, тұтынушы айыппұл өндіріп алуға құқылы. Сапа тұрғысынан көлік жүргізушілерінің жиі шағымданатыны рас.

Иә көлік жүргізушілері жанармай бекетін таңдап жүріп құяды екен. Бірақ дұрысы - сапалы бензинді кез келген бекеттен талап ету. Себебі сапасыз жанармай көлік техникасының жұмысын нашарлатады, оның үстіне атмосфераға көміртек тотығы, азот оксиді сынды зиянды заттардың бөлінуіне әкеледі. Нәтижесінде ауа ластанып, тыныс алу аурулары артуы мүмкін, - деп дабыл қағады экологтар.


Бөлісу