Президент Н.Тілендиевтің ескерткішінің ашылуына орай құттықтау жолдады
Алматы облысында Халық қаһарманы, композитор, дирижер, өнер майталманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылып, 400 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Министр Аида Балаева Мемлекет басшысының мерейлі сәтке орай жолдаған лебізін жеткізді. Құттықтау хатында Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты, еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың рухани дүниетанымын байыта түсті, делінген. Сондай-ақ министр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай елімізде, алыс-жақын елдерде ауқымды мәдени іс-шаралар барысына тоқталды. ТҮРКСОЙ ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялады. Анкара, Париж, Нью-Йорк, Бейжің, Мәскеу қалаларында көрмелер, концерттер мен шығармашылық кештер ұйымдастырылған.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Бүгін қазақ халқының ұлы композиторы, біртуар тұлға Н.Тілендиевтің тұғыры биік ескерткіші бой көтеріп отыр. Бұл барша халқымыз үшін ерекше қуанышқа толы толқынысты сәт. Баршаңызды осы қуанышпен шын жүректен құттықтаймын.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі:
Бүкіл Қазақстанның аймағында 100 жылдық мерейтойымен құттықталып жатыр. Келешекте ағамыздың өзінің жазып кеткен сазы, әр музыкасы қазақтың көкейінде мәңгілік қалғаны ол рас. Қазақ бар жерде Нұрғисаның әні, күйлері, шығармалары әр уақытта да қазақтың көкейінде болады. Бұны рухани байлық дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
