Басты Жаңалықтар 50 студент атом энергетикасы мамандығы бойынша оқып жатыр

50 студент атом энергетикасы мамандығы бойынша оқып жатыр

Техникалық жоғарғы оқу орындары атом өнеркәсібіне қажетті мамандарды осы бағыттағы өндіріспен бірге даярлайды. Ал Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Университеттің студенттері өндірістік іс тәжірибеден өту кезінде реакторлардың құрылысымен танысып, күрделі технологиялық процестерді үйренеді. 

Техникалық университтің түлегі Дидар Нұрмұханбетов қазір Үлбі металлургия зауытында жұмыс істейді. Ол атом реакторларының энергия беретін жылу бөлгішін жинақтайды. Жас маман елімізде салынатын АЭС-тің құрылысына көмектесіп, іске қосылған соң стратегиялық нысанда жұмыс істеуге де дайын.

Дидар Нұрмұханбетов, Үлбі металлургия зауытының жұмысшысы:

Бұл сала қазіргі таңда өте маңызды деп есептеймін. Себебі атом саласы, ол әр мемлекетке керек. Қазақстанның энергетикасын дамытуға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Осы мамандықты естіген кезде өзім қызығушылық танытып, осы жұмысқа орналасқым келді. Бұл жерде жұмыс өте қатаң тәртіпті талап етеді.

Уранды өндіріп оны байытатын зауыттағы тәжірибелі мамандар білген-түйгенін жастарға үйретеді. Нәтижесінде жас кадрлардың қатары жыл санап көбейіп келеді.

Александр Ревицкий, жинақтау өндірісінің бастығы:

Зауытқа жұмысқа орналасқандардың 70 пайызы жергілікті колледждер мен университеттің түлектері. Қазір мұндағы аппаратшылардың орта жасы шамамен 29-30-да. Жастарды тартуға, олардың біліктілігін арттыруға көңіл бөліп жатырмыз.

Көңіл бөлгеннің нәтижесінде биыл алғаш рет 50 студент атом энергетикасы мамандығына түсті. Техникалық университетте арнайы оқу бағдарламасы жасалды. Ал студенттерге сабақ беретін  ұстаздар түгел Еуропадағы ірі атом электр станцияларында халықаралық тәжірибеден өтті. 

Айбек Қалиев, Сәулет құрылыс және энергетика мектебінің деканы:

Біз осы білім беру бағдарламасын ашу кезінде халықаралық атом энергетика агенттігін шақыру арқылы солардың сарапшылары біздің білім беру бағдарламасын жасауға көмектесті. Бұл биылғы жылдың сәуір айында үш маман Австриядан келіп, білім беру бағдарламасының мазмұнын толығымен зерттеп, даярлау үшін көмектесті.

Елдегі алғашқы атом электр станциясына 2 мыңнан аса маман қажет. Олардың барлығының арнайы білімі мен тәжірибесі болуы керек. Ал жас мамандардың біліктілігі өндірісте артады.

Михаил Подойников, Метеллургия зауыты ғылыми орталығының жетекшісі:

Біз студенттерге уран оксиді негізінде ядролық керамикалық отын алудың барлық технологиялық жүйесін көрсетеміз. Отандық шикізаттан жылу бөлетін элементтерді құрастыру процесі мен оның қалай жасалатынын да үйретеміз.

Қазір Қазақстанда 6 жоғары оқу орнында уран өндірісіне қажет мамандар оқытылып жатыр. Оқу бағдарламасы халықаралық МАГАТЭ ұйымының сарапшыларымен келісілді. Жоғары оқу орындарында жаңадан ашылған мамандықтар  болашақта жалпы энергетика саласындағы кадр тапшылығын да жояды. Ал ең негізгісі АЭС-те жұмыс істейтін мамандарды өзімізде даярлау.


Бөлісу