Басты Жаңалықтар Түркістан облысында шабдалы мен алма терімі қызу жүріп жатыр

Түркістан облысында шабдалы мен алма терімі қызу жүріп жатыр

Еліміздің солтүстік өңірлерінде күн күрт суытып, қар түссе, Түркістан облысында алма мен шабдалы пісіп, шаруалар жеміс теруге кірісті.  Қазығұрт ауданының бағбандары Италияның алма сорттарын жерсіндіріп, қазір одан мол өнім жинауда.

Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылындағы алма бағында жұмыс қызу. 120 гектар жерге бау-бақша еккен өндірістік кооператив жұмысшылары жаппай алма теруде. Шаруашылықта 30 жұмысшы тұрақты еңбек етсе, өнім жинайтын кезде тағы 150-дей адам тартылады.

Айгүл Тілемісова, жұмысшы:
Бірінші жазғы алма теріледі. Одан кейін арасында сары алма, қызыл алма бар. Екеуі теріледі. Алманы ораймыз клиенттер келген кезде. Одан кейін жәшіктерге тереміз. Оларды тоңазытқышта сақтайды және ол жақта барлығын реттейді.

Шаруашылық шетелдік көшеттерді тамшылатып суару әдісімен өсірген. Олар ыстыққа төзімді, оңтүстіктің ауа райына қолайлы келеді. Өнімділігі гектарына 35-40 тоннадан. Мамандардың айтуынша, көшеттер әбден сұрыптаудан өткен. Еуропалық талаптарға сай жетілдірілген. Қазір піскен жеміске сұраныс көп. Әсіресе Шымкенттің базарларында сауда қызған.

Жарылқасын Айтуғанов, бас агроном:

Бақтың ерекшелігі – қарқынды бақ дейді. Жаңа технология Еуропадағы көп қолданылған бақтар. Тамшылатып суару жүйесі бар. Экспорт өзіміздің осы ішкі нарық, Қарағанды, Астана, Атырау, Шымкент қалалары. Кейде Ресей Федерациясына да экспорт жасаймыз.

Шілде айында басталған терім қазан айының ортасына дейін жалғасады. Ал Келес ауданында кәсіпкер түріктің шабдалысының элиталық сортын жерсіндірді. Бағбанның айтуынша, көшеттердің тамыры мықты. Кемі 15 жыл, әр гектарынан 50 тоннаға дейін өнім береді.

Нұржан Омаров, бағбан: 

Бір түп 60-70 келіге дейін өнім береді. Полукарлик деген негізі өнімділігі өте жақсы. Өзбекстанға қарағанда түріктердің сорттары екі есе қымбат жүреді екен. Соны да есепке алып, түріктердің жаңа сорттарын алып келгенбіз.

Бүгінге дейін өңірде 14 мың гектар алмадан 71 мың тонна өнім жиналды.


Бөлісу