Басты Жаңалықтар Сарапшылар: ЖИ-ді тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін жан-жақты зерттеулер қажет

Сарапшылар: ЖИ-ді тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін жан-жақты зерттеулер қажет

Дәстүрге айналған Digital Bridge халықаралық форумы биыл да жаһандық көшбасшылар мен IT саласының ірі инвесторларын бір алаңда тоғыстырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған алпауыт компаниялардың өкілдері Қазақстандағы стартап жобалармен танысты, ой-пікірін ортаға салды. Ақмаржан Ғафизқызы рет-ретімен.

Бүгінде бұл алаң IT саласындағы тың жаңалықтар мен инновациялық идеялар орталығына айналды. Жыл сайын 100-ден астам елден 60 мыңнан астам қатысушы мен мыңдаған спикер басын қосатын шараның ауқымы бүгінде кең. Форумның алғашқы күнінде сарапшылар цифрландыру үрдісін мемлекеттік басқаруға енгізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы артық қағазбастылық пен бюрократиялық кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.

Олаф Дж.Грот, Cambrian Futures негізін қалаушы, Калифорния университетінің профессоры:

Мемлекеттік қызметтер саласында құжат алу және рұқсат беру рәсімдерін барынша қысқарту басты талап. Бұл тек халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп қоймай, кәсіпкерлердің де уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Бизнес үшін «уақыт – ақша». Сондықтан жылдам шешім қабылдап, тез әрекет ету нарықта табысқа жетудің негізгі шарты. Жасанды интеллектті тиімді пайдалану осындай мүмкіндікті береді.

Сонымен қатар жасанды интеллект білім беру саласын түбегейлі өзгертуде. Инновациялық стартаптар мен жобалар қарқынды дамып келеді. Сарапшылар оны тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін жан-жақты зерттеулер қажет екенін айтады.

Николя Садирак, 01Edu және 01Talent компанияларының негізін қалаушы:

Жасанды интеллект адам ақыл-ойы туралы қалыпты түсінігімізді түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Бұл сала жаңаша құрылымды талап етеді және білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Қазір көптеген инновациялық стартаптар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта бұл салада жаңа ренессанс дәуірі басталуы мүмкін, сондықтан мұқият бақылау қажет.

Еліміздің жетекші цифрлық платформалары, стартаптар мен халықаралық серіктестер бас қосқан жиында цифрлық саланың дамуындағы қиындықтар мен мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылды.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры:

Бұл форум криптоиндустрия өкілдерінің тәжірибе алмасып, нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолдарын бірге іздейтін ерекше алаң. Мұндай диалог еліміздің цифрлық экономикасының дамуына үлкен серпін береді. Сонымен қатар, бұл шара жаңа технологияларды енгізу мен жасанды интеллекттің рөлін арттыру арқылы бизнестің тиімділігін жоғарылату мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.

Digital Bridge – тәжірибе алмасу, жаңа технологиялармен танысу және серіктестік орнату алаңы. Үш күнде 120-дан астам панельдік отырыс өткізіледі. Онда цифрландырудың түрлі бағыттары - білім, экономика, мәдениет және жасанды интеллекттің мемлекеттік басқаруға әсері кеңінен қарастырылады.


Бөлісу