Аlem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы жұмысын бастады
Бүгін Аlem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Digital Bridge халықаралық форумына қатысып, Аlem.AI жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталыққа айналуы тиіс деді. Форумға, Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен, қатар алпауыт компания өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысты. Раушан Сайлауқызы баяндайды.
Енді қазақстандықтар дәл осы инновациялар мен тың идеялардың алаңында білім алып, цифрлық бағытта қабілетін жетілдіре алады. Жасанды интелектіні жаңғырту мақсатында ашылған Аlem.AI орталығы жылына 5000 оқушыны тегін оқытады.
Валерия Тео, «Аstana Hub» орталығының басқарушы директоры:
Мәселен, осы қабатта цифрлық жүйеге қатысты көрмелер, интерактивті тақталар, музей, стартап жобалардың көрмесі орналасқан. Бұл алаң барлығы келіп тамашалай алады. Ал жоғарғы қабаттарында оқушылар мен үлкендерге креативті технологияны тегін оқытатын орталықтары мен ғылыми-зерттеу лабороториялары орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аlem.AI жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.АІ орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек.
Жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуы тиіс
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жаңа технология, креативті индустрия, инновациялық идеялар. «Дижитал бридж» осындай бастамаларды бір арнаға тоғыстырған. Саланың көшбасшылары, алпауыт компания өкілдері тәжірибе алмасады, серіктестік орнатады. Жиынның көздегені де осы.
Президент ең әуелі сандық саланың қауіпсіздігіне тоқталды. Жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуы тиіс. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз.
Сын-қатерден сақтану үшін заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.
Жаңа мемлекеттік қызмет цифрлық форматта жасақталуы қажет
Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс деді –Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл дегеніміз әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталу қажет. Сондықтан ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар осындай инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуалды жүйенің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор.
Жасанды интеллектіні тиімді пайдаланудың негізгі 3 міндеті
Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін негізгі үш міндетті атады. Бұл салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп нормаларын сақтау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді.
Бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Ең бастысы, сандық технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек,- деді Президент.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
