Ақтөбеде жасанды интеллект қолданылатын ахуалдық орталық ашылды
Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында жасанды интеллект қолданылатын ахуалдық орталық ашылды. Мұнда радиологиялық зерттеулер жүргізіледі. Телемедицина арқылы шалғай ауылдардағы мамандарға білікті дәрігерлер дер кезінде кеңес бере алады. Жасанды инттелекттің көмегімен жүктеме азайып, жұмыс сапасы артады.
Бұл – еліміздің батыс аймағынан ашылған алғашқы орталық. Телемедицина жолға қойыла бастады. Мамандар қазірдің өзінде 200-ге жуық бейнеконсультация өткізіп үлгерді. Бұл жерден өңірдегі барлық емдеу мекемесіндегі жағдайды тікелей бақылап отыруға болады. Паталогиялық ошақтарды ерте анықтауға мүмкіндік бар. Жаңа жүйе әсіресе, білікті мамандар жетіспейтін өңірлерге аса қажет.
Әділбек Исмайлов, дәрігер:
Мәселен, Шалқар ауданында науқас компьютерлік томографиядан өтсе, оның суретін облыс орталығындағы мамандар бірден көріп, көмек көрсете алады. Аудан орталығында рентгенологтар жетіспегендіктен, рентген лаборанттың болуы жеткілікті. Ол түсірілімді бізге жолдайды, ал орталықтағы дәрігерлер қарап, қорытындысын шығарып береді.
Телемедицина арқылы алыс ауылдардағы науқастармен де тікелей байланысып, кеңес беріледі. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жоба денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға жол ашты. PACS жүйесінде жасанды интеллект қолданылып, радиологиялық зерттеулер бір орталыққа жинақталады.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Басты мақсат – Президенттің тапсырмасын орындау. Біз медицина саласын толық цифрландыруды қолға алдық. Бұл жүйеге 3,8 млрд теңге жұмсалды. Алайда бұл – қайтарымы бар қаржы. Себебі ең әуелі қаржы үнемделеді, ең бастысы – адамның денсаулығы қорғалады.
PACS жасанды интеллект жүйесі облыс бойынша 30 медицина мекемесіне орнатылған. Консилумдар мен зерттеулер интернет байланысы бар кез келген жерден қолжетімді. Өңірде 118 қызмет түрі қашықтықтан көрсетіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
