Басты Жаңалықтар Цифрлық шешімдер - тиімді басқару тетігі

Цифрлық шешімдер - тиімді басқару тетігі

Сан саладағы цифрлық шешімдер мен ашықтықты қамтамасыз ету – тиімді басқарудың тетігі.  Алматыда өткен Азаматтық форумда 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық кеңес мүшелері жиналып, бір алаңға бас қосты. Жиналғандар қала өмірін жеңілдетіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі жобаларды талқылады.

Әділет Тұраш бес ай бойы «робот қол» – манипулятор құрылғысын жасап шықты. Ол адамның қолы сияқты қозғалып, заттарды ұстау, бұрау, айналдыру қызметтерін атқарады. Бұл құрылғы мыс өндіру саласында қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді, дейді жоба авторы.

Әділет Тұраш, оқушы:

Индустриялық кешенді автоматтандыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Робот-манипулятордың басты қызметі – ваннаны қалдықтардан тазалау. Бұл жұмысшылардың жарақат алу қаупін жойып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Іс-шарада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен қалалық инфрақұрылымның цифрлық форматқа өту бағыты бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау тәсілдері де ұсынылды.

Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның азаматтық альянсының» президенті:

Мемлекетте ашықтық болуы тиіс. Бюджеттен бөлінген қаражат, оның қандай жобаларға жұмсалғаны, кім ұтып алып, қандай нәтижеге қол жеткізгені – барлығы да әкімдіктің сайтында ашық түрде көрсетілуі қажет.

Форум аясында «Үздік идеялар – менің қалама» атты әлеуметтік жобалардың көрмесі өтті. Онда әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған  тың жобалар келушілер назарына ұсынылды.


Бөлісу