Басты Жаңалықтар Балқашта аймақтық травматологиялық орталық ашылады

Балқашта аймақтық травматологиялық орталық ашылады

Былтыр ғана қолданысқа берілген Қарағанды–Балқаш тасжолында апат азаймай тұр. 4 жолақты қозғалыс енгізілгеннен-ақ Балқашқа бағыт алғандар күрт артқан. Сондықтан қаладағы көпбейінді аурухананың негізгі ғимаратының жанынан қосымша корпус салынып жатыр. Бұл жол апатына ұшыраған науқастарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

Биыл 8 айда жол апатынан 101 адам қаза тапқан. Тағы 600 адам жарақат алған. Көбіне жүргізушілер жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзады немесе рөлде ұйықтап кетеді.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 500-ге жуық жол-көлік апаты болған. Оның басым бөлігі Қарағанды–Балқаш тасжолында. Биылдың өзінде мұнда 34 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам жарақат алды.

Былтырдан бері магистральде 4 жолақты қозғалыс енгізіліп, қарсы бағытты бөліп тұратын арнайы қоршау орнатылды.

Айбек Амантайев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

Біз 30 ақпараттық LED экран орнатуды жоспарлап отырмыз. Олар камералармен де жабдықталады. Экрандарда нақты уақыт режимінде ақпарат беріледі. Мысалы, ауа райы, жолдың жағдайы, қозғалыс шектеулері туралы мәліметтер көрсетіледі. Бұл жол апатының алдын алуға көмектеседі.

Жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету үшін қалалық аурухана маңынан арнайы корпус салынып жатыр. Жуырда дайын болады. Операция жасайтын зал заманауи құралдармен жабдықталады. Дәрігерлердің айтуынша, тасжолда апат көбейгелі науқас саны да артқан.

Серікбол Түсіпбеков, аурухананың бас дәрігері:

Қазіргі таңда жол апаты өте көп, жаппай деуге болады. 3–4 адам зардап шегетін жағдайлар жиі кездеседі. 8 адамға дейін мінген микроавтобустар да жол апатына ұшырайды. Сондықтан травматология бөлімшесіне ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қазір жаңадан шұғыл операция жасайтын бөлме әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ аймақтық травматология орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеуді жедел жасауға мүмкіндік береді.

Дмитрий Пинаев, травматолог:

Аймақтық травматология орталығын ашудың тиімді тұсы көп. Науқастарды тексеру әлдеқайда жылдам өтеді. Хирургтар, нейрохирургтар, травматологтар топтасып жұмыс істейді, яғни кешенді тексеру ұйымдастырылады.

Аймақтық травматология орталығы пилоттық жоба ретінде елімізде алғаш рет ашылмақ.


Бөлісу