Басты Жаңалықтар Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалайды

Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалайды

Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалап отыр. Ассамблеяның  Страсбургта өткен күзгі сессиясында Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Басқосуға еліміздің Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, сөз сөйледі.

«Парламенттік Ассамблея Қазақстанның демократиялық реформаларды жалғастыруына қолдау көрсетуі тиіс». Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының депутаты Жолт Немет Қазақстан бойынша баяндамасын осындай үндеуден бастады. Елдегі ахуалды жіті зерттеген саясаткердің пайымынша, соңғы реформалар азаматтардың құқығын кеңейтіп, биліктің бұқара алдындағы жауапкершілігін күшейткен. Конституциялық соттың, Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен мәртебесінің көтерілуі халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет құрудың маңызды қадамы, дейді Жолт Немет.

Жолт Немет, Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының депутаты:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәттен бастап біз Қазақстанның өз саяси жүйесін жаңғыртып, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған бірқатар реформаның куәсі болдық. 2022 жылы елде өлім жазасы жойылды. Бұл Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы ұзақ уақыт бойы дәріптеген тарихи қадам болды.

Баяндамашы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң қабылданып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтің әлжуаз топтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерге жоғары баға берді. Демократиялық өзгеріс жасау бір күндік мәселе емес екенін сессияда сөз сөйлеген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жиналғандардың есіне салды. Біткен іске сыншы көп. Ал бізге керегі қолдау мен конструктивті диалог.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Демократиялық реформа – күрделі және ұзақ процесс. Баяндамада айтылғандай, кейбір қиындықтар бар. Бірақ біз нақты шешім қабылдадық және осы жолмен жүруді жалғастырамыз. Бұл – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған батыл саясат. Қазақстан өзінің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын: заң үстемдігін орнату, адам құқықтарын қорғау, инклюзивті қоғам құру және билік жүйесін ашық рәсімдермен, тепе-теңдік жүйесімен демократияландыру сынды тетіктерді нақты белгіледі.

Қазақстандағы демократиялық өзгерістер бойынша жасалған баяндаманы Еуропарламентарийлер қызу талқылады. Еуропа елдеріне үлгі болатын тұстарын түртіп алды. Мәселен, туған туыстың билікке шоғырлануы қарт құрлық мемлекеттерінде белең алған. Ал Қазақстанның «Супер президенттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға көшуі демократияның дамуының айқын көрінісі, дейді Еуродепутаттар. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясының өкілдері Қазақстандағы бірпалаталы Парламент құру бастамасын да қолдап отыр. Олардың пайымынша, бірпалаталы Парламенттік жүйе заң шығару процесін жеделдетіп, шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай институционалды реформа елдегі бюрократияны азайтып, демократияны күшейтеді, дейді еуропарламентарийлер.

Билікті орталықсыздандырып, әр азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көздейтін реформаларды Еуропа кеңесі мен Парламенттік ассамблеясы қолдауға дайын. Страсбургтағы қос мекеме араздасқан елдерге арағайындық етіп,  әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етуге күш салып отқан Қазақстанмен саяси диалогты күшейтуге күш салмақ.


Бөлісу