Президент ұстаздарды алдағы мерекесімен құттықтады
Озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек. Мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Президент осылай деді. Салада атқарылып жатқан жұмыстарды, жоспар мен мақсаттарға тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына елеулі үлес қосқан бірқатар мұғалімді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.
Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім. Міржақып Дулатұлының осы сөзін мысал еткен Президент, ұстаздықтың ұлағатты кәсіп екеніне айрықша тоқталды. Елімізде мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы заң да қабылданды. 5 жыл ішінде жалақы да 2 есе өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Қуантқан Ванов білім саласында 45 жыл жұмыс істеген. Ардагер ұстаз математика пәнінің мұғалімі болған. Егемендіктің алғашқы жылдары оқу бағдарламасы жұтаң, оқулықтар тапшы болды. Сол кездегі талаптарды ескере отырып, жоғары сынып оқушыларына арналған кітапты өзім жазып шықтым дейді ол.
Қуантқан Ванов, білім беру саласының ардагері:
93 тен бастап 2000 жылға дейін менің оқулығым республика бойынша оқылды. Ол тек біздің республикада емес, басқа одақтас республикаларда өзбекстандарда да қазақ мектептерінде сол оқулықпен оқыған екен.
Рашид Мұсайбеков те математик. Кейіпкеріміздің оқулығын ол да пайдаланған. Ширек ғасырдан кейін әріптесіне Ақордада жолықтырып, алғысын айтты.
Рашид Мұсайбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің сеньор-лекторы:
Біз өте қиналдық. Мен ол кезде елді мекенде сабақ беретінмін. Ана мектептен, мына мектептен оқулық жинап. Бақытымызға орай Ванов Қуантқан Рзаұлының оқулығы шығып, сол оқулықпен оқушыларға дәріс бердім. Бірінші рет кездестім. Залда отырмын. Өте қуаныштымын соған.
Ал қазір бәрі түбегейлі өзгерген. Оқулықтарымыз бен бағдарламамыз халықаралық талаптарға сай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір білім нарығында бәсеке күшейді, көптеген жастарымыз ұстаз болуға ұмтылып жатыр. Әсіресе, мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектердің арасында мұғалімдік жолын таңдағандар көп. Бұл – өте жақсы үрдіс. Мемлекет мұндай азаматтарды әрдайым қолдайды. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл – еліміздегі барлық гранттың бестен біріне жуығы деген сөз.
Президент цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс екенін тағы бір мәрте еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз.
Татьяна Құдайбергенова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жасанды интелектінің мүмкіндіктері сабақты қызықты ғана емес, сапалы өткізуге де мүмкіндік береді дейді.
Татьяна Құдайбергенова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Жасанді интелектінің әсіресе, тіл үйренуге деген көмегі зор деп ойлаймын. Себебі оқушылармен жұмыс жасаған кезде мәтін аудару керек болады. Жасанды интелекті мәтінді аударып береді. Дегенмен ол аударған мәтінге оқушылар тағы да өздері өзгерістер енгізеді. Қатесі сирек кездеседі. Бірақ бар. Соны оқушылар өздері тауып, тапқан қателеріне өздері мәз болады ғой. Түсінесіз бе?
Тәрбиесіз берілген білім қауіпті. Қасым-Жомарт Тоқаев «адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», қағидаларына да тоқталып, тәрбие жұмыстарына ата-аналар да үлес қосуы керек екеніне тоқталды. Ал шара соңында білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Ләззат Төлепова Атырау облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:
Білім саласындағы адал еңбегімізді бағалап, жастарды тәрбиелеуде, сапалы білім берудегі, қажырлы еңбегімізді жоғары бағалап, керемет шара ұйымдастырылды.
Сәуле Жәмішева, республикалық физика-математика мектебінің әдіскері:
Бірінші рет Президенттің қолынан медаль алып отырмыз. Мен ең бірінші рахметімді айтайын дегенім. Менің еңбегімді, жалпы ұстаздардың еңбегін бағалап, осындай марапатқа ие болып отырмыз.
Гүлмира Шералхан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Мамандығымды адаспай табуға жол көрсеткен менің ұстазым Махамбеталиева Зәуреш Махамбетәліқызы. Сол ұстазымның ізімен жүріп, бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан осындай марапат алып отырмыз.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ұстаз - ұлттың тәрбиешісі. Кез келген мамандық иесі - ғалым, оқытушы, білім саласының қызметкерлерінің өзі де осы мұғалімдерден тәрбие алған. Сондықтан бұл сала мамандарына деген құрмет ешқашан сарқылмайды, мемлекет тарапынан қолдау арта береді деді Президент.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
