Басты Жаңалықтар Ақтөбеде үш ауылға көгілдір отын тартылды

Ақтөбеде үш ауылға көгілдір отын тартылды

Ақтөбе облысында бір күнде үш ауылға көгілдір отын келді. Мәртөк ауданындағы Бөрте, Қызылжар және Шевченко елді мекендерін газбен жабдықтау үшін 1,4 млрд теңге бөлінген. Жобаға сәйкес, 74 шақырым құбыр тартылды. Осылайша, жыл соңына дейін өңірдегі халықты көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетпек.

Бұл үш ауылда мыңға жуық халық бар. Шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындары енді тұрмыстарының одан әрі жайлы боларына сенімді. Әсіресе, үй шаруасындағы әйелдердің қуанышында шек жоқ.

Дания Айтжанова, Шевченко ауылының тұрғыны:

36 жыл бойы осы үйде тұрып, пеш жағып келеміз. Көмір, ағаш жағып күнелттік. Енді газ келіп, қуанып отырмыз.

Қызылжар ауылындағы 110 үйде төрт жүзге жуық тұрғын бар. Бұған дейін ауыз су құбыры тартылды. Жол да бар. Тұрғындар енді елді мекенге көшіп келушілердің де көбейетініне сенімді.

Серік Ермеков, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Қуанышты күн! Өйткені ауылымызға газ келіп жатыр. Бұл күнді шынымен ұзақ күттік. Ауыл тіршілігін бәрі біледі: от жағу, ағаш дайындау.

Мәртөк ауданындағы 32 елді мекеннің 17-сі газға қосылған. Осылайша, 26 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жыл соңына дейін тағы аудандағы 5 ауылдың халқы отын тасып, күл шығарудан құтылады.

Арысұлан Айтбаев, облыстық Энергетика және түкш басқармасының басшысы:

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында елді мекндерді одан әрі газдандырудың маңыздылығын атап өткен. Ағымдағы жылы өңірімізде 28 елді мекенді газдандыруды іске асырып жатырмыз.

Биыл облыс бойынша 16 елді мекенге газ берілді. Алдағы үш ай ішінде тағы Мұғалжар, Байғанин, Әйтеке би және Шалқар аудандарындағы 12 ауыл қосылады. Осылайша, өңірде тұрғындарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетеді.


Бөлісу