Road-эстафета: Жастар қолайсыз ауа райына қарамастан жол жиегін тазартты
Күні кеше Жамбыл жеріне жеткен road-эстафета қатысушылары бүгін қолайсыз ауа райына қарамастан Тұрар Рысқұлов ауданындағы жол жиегін тазартты. 50-ге жуық жас «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы ауылдар аялдамасында шашылған күл-қоқысты жинады. Елдегі экологиялық мәдениетті көтеруге ұмтылған жастармен бірге аймақтағы тілшіміз де тазалық жұмысына ат салысты.
Бүгін аймаққа алғашқы қар түсіп, күн райы күрт бұзылды. Кеше ғана жайма шуақта Жамбылға жеткен жастарды табиғаттың бүгінгі тосын мінезі де тоқтата алмады. Олар таң сәріден Тұрар Рысқұлов ауданының орталығына ойысып, «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық сайыстар өткізді. Оған аудан атқамінерлері де атсалысып, жастарға үлгі көрсетті.
Ермек Сәкен, белсенді жас:
Бұл іс-шара арқылы өзіміз сияқты жастарды жолға қоқыс тастамауға шақырамыз. Еліміздің таза болып, өркендеуіне үлес қосуға тырысып жүрміз. Осындай жобалардың арқасында көптеген жас Қазақстанға, аз болса да, өзінен бастап үлес қосады деп сенемін.
Белсенділер бой сергітіп болысымен республикалық маңызы бар автобан бойындағы айналма жолдың жиегін тазалады. «Қазавтожол» мамандары да көмекке келіп, қап-қап қоқыс жиналды.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жалындаған жастар қар жауғанына қарамастан жол жиегін тазартып жатыр. Әрі қарай абаттандыру жұмысы «Ақыртас» тарихи кешенінде жалғасады.
«Ақыртас» кешеніне апарар жолдың бойынан да пластикалық қалдықтар жиналды. Жалпы алдағы бір аптада акцияға 3 мың жас қатыспақ.
Ақерке Ескендірова, Amanat партиясының «Жастар рухы» ЖАСтар қанатының төрағасы:
Бұл акция Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында 2 жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатыр. Өткен жылы біз Астана–Алматы облысы бағытындағы жол бойын тазартсақ, осы жолы Алматы облысы – Қызылорда облысы бағытындағы 1 200 шақырым жолды тазартамыз.
Ал әрі қарай Ақыртөбе ауылында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың талап тілегін тыңдап, шешілу жолын қарастыру Road-эстафетаның негізгі мақсатының бірі. Ал ертең экобелсенділердің жұмысы Жуалы ауданында жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
