Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет
Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне кеңінен енгізу қажет. Бұл бастама мұғалімдердің күнделікті жұмысын автоматтандырып, әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес, жеке оқыту бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысына қатысқан Мемлекет басшысы осылай деді. Сондай-ақ Үкіметке осы бағытта арнайы білім беретін университет ашуды жүктеді. Президент тағы қандай бастамаларға тоқталды?
Жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Сондықтан Президент Жолдауда алдағы үш жылдың ішінде цифрлық елге айналу міндетін қойды. Қазақстанның қазіргі қарқыны жаман емес. Мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 85 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл жарты жыл ішінде Қазақстан азаматтарына 26 миллион цифрлық қызмет көрсетілген.
Жасанды интеллект университеті ашылады
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Цифрлы елге айналу үшін бағыт білімнен басталуы тиіс. Жиында Президент осы мәселеге ерекше екпін берді. Ол үшін жасанды интеллектіні оқытатын арнайы оқу орнын ашуды жүктеді. Бұл бастама экономиканың барлық салаларына қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Елімізде бұл бағытта арнайы білім беретін бірде-бір оқу орны жоқ. Елдегі 79 университетте ІТ мамандығы бойынша 63 мыңнан астам студент оқиды. Былтырдан бері білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект пәні жаппай енгізіліп жатыр. Дегенмен дарынды жастар, сапалы білімді шетелден емес, өз елімізде алатын мүмкіндік жасау қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. Зерттеу университеті ғылым-білім, инновация және халықаралық байланыс орталығы ретінде жұмыс істеуі керек.
Өзгерістер дәуірінде бір орында тұруға болмайды. Қазір көп ел жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындады және оны дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр. Кеңестің алғашқы отырысына әлемдік белді оқу орындарының ұстаздары мен халықаралық сарапшылар қатысып, осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
Прадип Кхосла, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры:
Бізде жасанды интеллектімен айналысатын үш түрлі факультет бар: когнитивті ғылым, компьютерлік ғылым және деректер ғылымы. Сонымен қатар, бізде ауруханалар жүйесі бар, онда денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні қолдану бойынша алдыңғы қатарлы жобалар жасалып жатыр.
Александр Ханин, Polynome Group негізін қалаушы:
Мен университетте «фоундерплейбук» жобасының жетекшісімін. Біз жасанды интеллект бағытында студенттерге кәсіпті қалай бастауға болатынын үйретеміз. Олар теориялық тұрғыда кәсіптерін құрып, стартап жобаларын алғашқы курстан-ақ ұсынады. Осылайша, инвестиция тартып, жүзеге асып жатқандары да аз емес. Осы бағытта тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
AІ-Sana бағдарламасы арқылы 440 мыңнан астам студент білім алды
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы өзге де басымдықтарға тоқталды. Соның бірі - сұраныстағы мамандарды даярлау мәселесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Университеттер жаңа заманға сай мамандар дайындауға тиіс. Қазақстанның инженерлері, зерттеушілері және кәсіпкерлері бүкіл әлемнің қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті болуы керек. Жыл басында елімізде AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласы бойынша арнайы сертификатқа ие болды.
Жасанды интеллект арқылы оқушылардың цифрлық профилін қалыптастыру қажет
Десе де, әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ ЖИ арқылы әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес, жеке оқыту бағдарламасын әзірлеуге болады. Дербес білім беру – әр оқушының жеке қырын ашуға мүмкіндік береді. Президент жасанды интеллект арқылы оқушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырды. Мұғалімдер жұмысын да жасанды интеллект арқылы автоматтандыру арқылы жеңілдетуге болатынын айтты.
Қасым- Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды.
Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу - ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын қысқартуға да мүмкіндік бермек.
Жасанды интеллект инклюзивті білім беру ортасын қалыптастырады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану орталық пен аймақ, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе, бұл шағын жинақты мектептерге қатысты мәселе. ЖИ технологияларын енгізу ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларды жан-жақты қолдау үшін өте маңызды. Біздің мақсатымыз – шын мәнінде инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру.
Президент академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды
Жасанды интеллект білімді дамытуға серпін беретіні анық. Дегенмен, білімнің мазмұны мен сапасы ұстаздардың назарында болуы тиіс. Кейде тіпті, ең жақсы алгоритмнің өзі қате болуы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұстаз сапалы білімнің басты кепілі болып қала береді.Сондықтан Үкімет мемлекеттік стандартқа сәйкес сапалы контент жасауға мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі қажет. Осы тұста бір мәселені арнайы атап өткім келеді: біз жасанды интеллект саласында ең алдымен өз елімізден шыққан өнімдерді пайдалануымыз керек.
Бұл бастаманың пайдасымен қатар, қауіп-қатерлерін де қаперден шығармау қажет. Нейрожелілер оқушыларды сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айыруы да мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Президент сонымен қатар еңбек нарығы күн өткен сайын өзгеріп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады.
Жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырды
Дегенмен бұл тұста жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет. Мәселен, ақылды технологиялар арқылы мамандарды қайта даярлап, біліктілігін арттыруға болады. Президент осы мақсатта Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырды. Бұл жұмыссыз қалған мамандарды сұраныстағы кәсіпке бейімдеуге жол ашады. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан кеңестің келесі отырысы осы тақырыпқа арналады,-деді Мемлекет басшысы. Кеңес отырысынан кейін Президент цифрлық шешімдер көрмесімен танысты. Экспозициялар білім беру, мәдениет, логистика, «ақылды қала» технологиялары секілді ауқымды бағыттарды қамтыды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
