Басты Жаңалықтар «Қайрат» ірі есеппен жеңілді

«Қайрат» ірі есеппен жеңілді

«Қайрат» ірі есеппен жеңілді

Кеше Алматыда футболдан Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңінің екінші турында «Қайрат» өз алаңында испаниялық клуб «Реал Мадридпен» кездесті. Өкінішке қарай, «Қайрат» ұтылды. Есеп 0:5. Бірақ бұл әлем назарын аударған тарихи матч болды. Стадионға 23 мыңдай жанкүйер жиналып, футболдың мерекесіне айналды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық», - дегендей, бұл тарихи матчқа дейінгі дайындық пен салтанат қызу болды. Шетелден 5 мыңнан аса турист келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен де жанкүйер жиналды.

Матчқа дейін «Реал Мадридтің» бас бапкері Хаби Алонсо: «Біз алғашқы минуттардан-ақ ойынды қарқынды бастаймыз», - деген еді. Бірақ бірінші минутта «Қайрат» шабуылға көшіп, Дастан Сәтпаев баспен соққы жасады. Куртуа құр тұра ма? Шап беріп, допты ұстады.

Алматылық клуб алғашқы он минутта допқа иелік етіп, бірінші бұрыштаманы көтеріп, «Реал Мадридті» әбден әбігерге салды. Бірақ ойын өрнегі де өзгере түсті. Вингер Винисиус бір бүйірді солқылдата бастады. Мбаппе «Қайраттың» қақпасына соққы жасады, бірақ Шерхан Қалмұрза тамаша сейв істеді. 24-минутта төреші пренальти берді. Мбаппе 11 метрден гол салды.

Бірінші таймда «Реал Мадрид» төпелетіп шабуыл жасады. Бірақ Шерхан бірнеше қауіпті соққына қағып түсіріп, үзіліске дейін гол өткізбеді. Екінші тайм. Мбаппе 52-минутта дубль авторы атанды. 67 минутта Дани Себальос ереже бұзды. Төреші пенальти дегендей еді. Бірақ ВАР қарап, шешімін өзгертті. Көрермен наразы.

Ал 74-минутта Мбаппе хет-трик жасап, есепті еселей түсті. Каваминга алаңға шыға сала гол салды, ал мачтың соңына қарай Гарсия есепті 0:5 қылды.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:

Біздің құрамның құны 12 миллион еуро, «Реал Мадрид» командасының құны 1,4 миллиард еуро. Олардың бір ойыншысы бүкіл лигамыздың құнымен бірдей.

Хаби Алонсо, «Реал Мадрид» ФК бас бапкері:

Біз Чемпиондар лигасының ойыны алматылықтар үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайрат» кездесудің басында өте жақсы ойнады. Ал біз керісінше бұл алаңда өзімізді жайсыз сезіндік және алғашқы минуттарда командалық ойын көрсете алмадық. Бірақ пенальтиден кейін менің командам жақсы ойнай бастады. Жалпы, мен «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болдым.

Ол небары 18 жаста. Үлкен өмірге, үлкен футболға енді ғана аяқ басты. Бірақ соның өзінде қадамы нық, бойында рух пен мінез байқалады. Кешегі ойында «реалдық» мергендердің шабуылына төтеп беріп, сейвтердің талай тамашасын көрсеткен Шерхан Қалмұрза көрерменнің ықыласы бөленіп, шеберлігімен сүйсінтті.

Тибо Куртуа ойынның соңында біздің жас талантқа құрмет көрсетіп, қолдау білдірді. «Реал Мадридке» лайықты қарсылық танытқан Шерханның шеберлігін қақпашы ретінде Куртуа мойындаса керек. Жолын берсін дейміз.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Осылайша, «Қайрат» «Реал Мадридке» 0-5 есебімен өз алаңында жеңілді. Бірақ «Қайраттың» Чемпиондар Лигасындағы жолы жалғасады. Алдағы матчтарына, кездесулеріне сәттілік тілейміз. Ал жанкүйерлер ойын басталғаннан соңына дейін «Қайратқа» қолдау білдірді. Бүгінгі матч бастысы біз үшін, Қазақстан спорты, «Қайрат» үшін ең алдымен тәжірибе.


Бөлісу