Басты Жаңалықтар «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды

«Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды

«Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Ұзындығы 836 шақырым магистраль «Қытай мен Еуропа» дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумына қатысып, маңызды жобаның тұсауын кесті.

«Достық-Мойынты» темір жолы тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі жол құрылысы. Маңызды стратегиялық жоба тасымалдау қарқынын жылына 100 млн тоннаға арттырады деген болжам бар. Әрі экспорттық тауарларды жеткізу уақыты да қысқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз. Ал тарихымызға үңілсек, осыдан 35 жыл бұрын «Достық Алашаңқай» жобасы іске қосылды. Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысты. Бұл еліміз үшін тарихи оқиға болды. Сол жолды салған ардагерлеріміз қазір осы жиынға қатысып отыр. Баршаңызға зор алғысымды айтамын.

Темір жолдың құрылысы 2022 жылы басталған. Құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында жаңа магистраль межелі уақыттан ерте аяқталды.

Қалтай Сәмбетов, «Қазақстанның еңбек ері», теміржол саласының ардагері:

Қазіргі таңда Достық жай ғана станция емес, стратегиялық маңыздылықтың белгісіне айналды. Ол Еуропа мен Азияның ірі нарықтарын біріктіретін негізгі бөлігі болып саналады. Және де құрлықтағы сауданы дамытуда маңызды рөл атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Талғат Алдыбергенов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

260-тан астам ғимарат, 90-нан астам көпір, 300-ге жуық жасанды құрылыс обьектісі салынды. Ұзындығы 806 км магистраль қазақстандық теміржол дәлізінің бастауы болып отыр.

Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Енді жаңа жол бұл көрсеткішті арттыра түспек. Жүк тасымалының көлемі бес есе, бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнермен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасының мән-мағынасы айрықша. 2013 жылы Төраға Си Цзиньпин бұл бастаманы Қазақстанда жариялады. Біз осы жобаны барынша қолдаймыз, оны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатырмыз. Себебі бұл бастама еліміздің мүддесіне толық сай келеді. «Достық Мойынты» теміржолының екінші желісі соның айқын дәлелі.

Қазақстан бүгінде Еуразиядағы басты транзиттік хабқа айналып үлгерді. Еліміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Сондықтан  көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тоқтамайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір «Мойынты Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Қызылжар станциясынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді.

Соңғы он жылдың өзінде осы салаға шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру - негізгі басымдықтың бірі болып қала береді. Ендігі кезекте саланы толық цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу қажет. Ел экономикасының озық бағыты ретінде дамыту үшін осы саладағы жұмыстарды кешеуілдетуге болмайды, - деді Президент.


Бөлісу