Басты Жаңалықтар Өзбекстандағы қазақ мұражай ашқан

Өзбекстандағы қазақ мұражай ашқан

Өзбекстандағы Ташкент облысының Бостандық ауданында кіл қазақтар қоныстанған Шақшам деп аталатын елді мекен бар. Осы шағын ауылда тұратын азамат өз үйінен мұражай ашқан. Онда осы аймақтан шыққан батырлар мен ақындар, өнер қайраткерлері туралы деректер, құнды жәдігерлер сақталған. 

Ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен Данияр Құсанов ұлттық қолөнерді айшықтайтын жәдігерлерді жинауға бала кезден әуес болғанын айтады. Тарихы терең ауылдан түрлі әшекей заттар, батыр бабалар тұтынған қару мен әжелер тоқыған алаша, текемет пен кілем сынды заттарды жинапты. Оларды өзгелер де көрсін деген ниетпен өз үйін шағын мұражайға айналдырған.

Данияр Құсанов, Шақшам ауылының тұрғыны:

Мақсатым – кейінгі ұрпақ осындай ата-бабамыздың қолөнерін халыққа еңбегі сіңген адамдарды, батырларымызды жазушыларды әлем танысын, басқа ұлттар да көрсін дедім. Германиядан туристер келді жақында, Италиядан, Араб елінен келді.

Ерекше мұражайды көруге осы елде тұрып жатқан қандастарымыз, Өзбекстан азаматтары, сондай ақ шетелдік саяхатшылар да арнайы келеді екен. Олар құнды жәдігерлермен танысып қана қоймай, қазақтың ән жырын ұлықтаған жастардың өнерін тамашалайды.

Ерболат Пернеев, Ташкент облысы Бостандық ауданы қазақ ұлттық- мәдени орталығының төрағасы:

Қазақтың дәстүрін сақтап келеміз, бізге осының барлығына жағдай жасап беріп отырған өзбек ағайынға алғысымыз зор. Той-жиын, түрлі шаралар түгел қазақ тілінде өтеді. Өзбек ағайынмен қазақтардың достығы мәңгі болсын.

Ресми мәлімет бойынша Өзбекстанда 900 мыңға тарта қандасымыз өмір сүріп жатыр. Тоғыз өңірде қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді. Көрші елде жасайтын қандастарымыздың басты ұраны – бірлік пен татулық.


Бөлісу