Басты Жаңалықтар Ұлыбританияда жарнамаға еліктеген құмар ойыншы көбейді

Ұлыбританияда жарнамаға еліктеген құмар ойыншы көбейді

Ұлыбританияда құмар ойындарының онлайн жарнамасына заңмен тыйым салынбаған. Телефонға телмірген жас жеткіншектер зардабын тартып отыр. Соңғы әлеуметтік зерттеу қорытындысы осылай дейді. Сондықтан белсенділер заңды таңдатуды сұрайды.

Қоғам белсенділері блогерлерді жүгендемесе болмайды деп дабыл қағуда. Өйткені сауалнамаға қатысқан 11 мен 17 жас аралығындағы балалардың әрбір төртіншісі өнер және спорт жұлдызына еліктеп, бәс тігуді байқап көргісі келгенін айтқан. Барлығы дерлік құмар ойындарына қатысты контентті ғаламтордан жиі көретінін мойындаған.

Бекки Купер, лейбористік партия депутаты:

Қолданыстағы заңдар балаларды ғаламтордағы құмар ойындарының жарнамасынан қорғамайды. Қоғамдық пікір көшбасшылары бәс тігуді қоғам үшін қалыпты, болашағы бар дүние ретінде ұсынып жүр.

Құмар ойындары туралы заң ескіргенімен, оған ара-тұра өзгерістер енгізіліп тұрады. Мәселен, осы жылдан бастап онлайн 5 фунттан артық бәс тігуге тыйым салынды. Бірақ жарнама жағы қатаң шектелмей отыр.

Хизер Уорлд, Глазго университетінің профессоры:

Адам ерте жастан қандай контент көрсе, ол оның әлеуметтік дағдысына терең орнығуы мүмкін. Тәуекел тобына жататын жас буынның жағдайы одан әрі қиындай түседі деген нақты қауіп бар.

Елде 246 мың адам «құрдымға кеткен ойыншы» ретінде тіркелген. Тағы 2,2 миллион адамға сондай қауіп төніп тұр. Алаңдатарлығы - тәуелділер арасында суицид көп. Жыл сайын құмар ойынының қақпанына түскен 500-дей адам өзіне қол салады екен.


Бөлісу