Димаш Құдайберген Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетеді
«Қане, бұлбұл, сайрай түс! Қане, құсым! Сен дауыссың жаралған әлем үшін! Сен кең-байтақ қазақтың даласына Жаратқанның жолдаған сәлемісің!». Осы өлеңді алғаш оқыған сәтте эфирден айтқым келіп еді. Бұл өлең қазақтың дара дауыс иесі – Димашқа арналған. Сол Димашты әлем жұрты да қадірлеп, бағалап, әр концертін асыға күтіп жүр.
Мысалы, Нью-Йорктегі Dears фан-клубының белсенділері әйгілі Times Square алаңында бас қосып, санаулы күндер қалған Димаштың концертіне арналған аңдатпаны алып экрандардан көрсетті. «New York loves Dimash» деген жазуы бар жейде киіп, оның суреттері бейнеленген постерлерді таратты. Шат-шадыман көңіл күйде ән айтып, би биледі. Түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан шара қазанның бесіндегі концертке орай ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ТМД елдерінің арасында тұңғыш болып Димаш Құдайберген Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетеді. Бұл сахнада кезінде Майкл Джексон, The Beatles, Элвис Пресли, Бейонсе, Шакира, Андреа Бочелли, Мадонна сынды жұлдыздар ән шырқаған.
Норико Брунел, Димаштың тыңдарманы:
Madison Square Garden сахнасы - Димаштың да арманы екенін жақсы білеміз. Бұған дейін Barclays аренасында өнер көрсеткен. Ол да жақсы орын, бірақ Madison сахнасында өнер көрсетуді әлемнің барлық өнерпазы қалайды. Осылайша Димаштың да, біздің де арманымыз орындалғалы жатыр.
Арай Раздатқызы, Димаштың тыңдарманы:
Димаштың концертін тосқалы қанша жыл болды?! 2019 жылы келгенде әуежайға дейін барып күтіп алғанбыз. Осы бір топ. Одан бері бес-алты жыл өтті. Өте сағынышпен күтіп отырмыз. Нью-Йоркке қайта келіп, концерт береді деген сәттен бастап, тебіренген көңіл күйімізді баса алмай, талай іс-шара жасап жатырмыз Димаштың концерті туралы. Дос-жарандарымыздың бәріне үгіттеп, Нью-Йорктегі таныстарымыздың бәріне айтып, билеттерді қалай сатып алу керектігін түсіндіріп жүрміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
